Роман Скляр Дүниежүзілік жол қауымдастығы өкілдерімен кездесті
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Дүниежүзілік жол қауымдастығының (ПИАРК ) президенті Назир Аллимен және PIARC бас хатшысының орынбасары Робин Себиллмен кездесті.
Кездесу барысында Р. Скляр ПИАРК өкілдерін жолдар мен тасымал саласын дамыту, алдағы жоспарлар туралы хабардар етті және қауымдастықпен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде қауымдастық президенті Назир Алли Қазақстанның ПИАРК-ке кіруі 1200-ден астам халықаралық сарапшылардың қатысуымен техникалық комитеттерде әзірленіп жатқан жолдарға, инженерлік құрылыстарға, жол қозғалысына қатысты заманауи техникалық әзірлемелерге және салалық құжаттамаға қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап көрсетті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету мақсатында Қазақстанда Дүниежүзілік жол қауымдастығының ұлттық комитетін құру туралы уағдаласты.
Осы жылдың қазан айында Қазақстан Прага қаласында (Чехия) өтетін Дүниежүзілік жол конгрессіне қатысады.
ПИАРК халықаралық ұйым болып табылады және сарапшылардың өзара әрекеттесуіне, сондай-ақ автомобиль жолдары мен жүк автомобильдері тасымалы саласындағы тәжірибе алмасуға арналған ең үлкен алаң ретінде қызмет етеді. Қауымдастық 1909 жылы Парижде құрылды.
ПИАРК-тің негізгі іс-шаралары – автомобиль жолдары мен жүк көліктері тасымалы саласында әдістер мен тәжірибе алмасу үшін төрт жыл сайын ұйымдастырылатын Дүниежүзілік жол конгрестері мен Халықаралық қысқы жол конгрестері. 2021 жылдың қазан айында ПИАРК Кеңесі Қазақстан Республикасының қауымдастыққа кіру жөніндегі өтінішін мақұлдады. Ал 2022 жылдың қарашасында Қазақстан ПИАРК-ке ресми түрде қабылданды.