Премьер-министр отандық машина жасауды қолдауды күшейтуді және ЕАЭО нарығындағы қазақстандық өнімнің үлесін арттыруды тапсырды
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында машина жасау саласын дамыту мақсатында ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру үшін қазақстандық өндірушілерді қолдау шаралары қаралды.
Бүгінде Қазақстанда машина жасау өнімдері нарығы $31,6 млрд-қа бағаланады, оның шамамен 16%-ы отандық өндірістің үлесіне тиесілі.
Премьер-министр машина жасау саласының өсу әлеуеті өте жоғары және экспортты дамытуда да мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.
«Экономикалық патриотизм басты қағидатымызға айналуы тиіс. Біз қазақстандық өнімдерді сатып алып, сыртқы нарықтарда белсенді түрде дәріптеуіміз қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазіргі уақытта Еуразиялық одақ нарығында машина жасау өнімдері импортының жалпы көлемі шамамен $141 млрд-ты құрайды. Қазақстан қазірдің өзінде аккумуляторлар, трансформаторлар, кабелдер, локомотивтер, автомобилдер мен автобустарды экспорттап жатыр. ЕАЭО нарығында отандық өндіріс үлесін арттыруда мүмкіндіктер бар.
Премьер-министр машина жасаудың бірқатар секторындағы жағдайға назар аударып, өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететін шараларды атады. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында техниканың тозуы 76%-ға жетті, нақты жаңарту қарқыны іс жүзінде 5%-ды құрап отыр, ал норма – 6-8% болуы тиіс. Отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді қолдау үшін биыл импорттық аналогтарды субсидиялау алынып тасталды. Сонымен қатар техника лизингінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау кезінде отандық техника үшін айтарлықтай төмен – сараланған тәсіл көзделді. Бұл шаралар локализациялауды тереңдетуге, шығарылатын техника номенклатурасын кеңейтуге және отандық техника паркін жаңартуды жеделдетуге ықпал етеді.
Теміржол техникасының тозу деңгейі 55%-ды құрап отыр. 2024 жылы қолжетімді лизингтік қаржыландыру тетігі іске қосылды, соның арқасында өндіріс көлемі 1,5 есеге өсті. Олжас Бектенов тасымалдаушылардың қажеттіліктері бірінші кезекте отандық өндіріс техникасы есебінен толық көлемде қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Премьер-министр дайын өнімдер мен қосалқы бөлшектер шығаратын жаңа жобаларды іске қосуды ынталандыру маңызды екенін атап өтті.
Отандық өндірушілерді қолдау үшін Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы министрліктеріне мердігер ұйымдардың жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі отандық үлес талаптарының орындауын бақылауды күшейтуді тапсырды. Бүгінгі таңда бірқатар машина жасау тауарлары мемлекеттік сатып алудан алынып тасталғанымен, жасырын түрде импорттық өнімді сатып алу фактілері тіркелуде.
Сондай-ақ отандық машина жасау саласы өнімдерінің ірі тұтынушыларының бірі «Самұрық-Қазына» қорының алдына холдингтің сатып алу рәсіміндегі жергілікті қамту үлесін 2025 жылдың соңына қарай 89%-ға дейін ұлғайту міндеті қойылды. Олжас Бектенов экономикалық өсімге мультипликативті әсерді қамтамасыз ету мақсатында бизнестің өзара міндеттемелерін көздейтін оффтейк және ұзақмерзімді келісімшарттар тетігін белсенді түрде пайдалануды тапсырды.