Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Мәжілісте табиғат пайдалануды мемлекеттік реттеу мәселелесі талқыланды

Фото С. Майлыбаев

2-11-2024, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінде «Табиғат пайдалануды мемлекеттік реттеу және экологиялық бақылау мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин жетекшілік етіп, оған депутаттар, Үкімет мүшелері, сала мамандары мен сарапшылар қатысты.

Еділ Жаңбыршин Қазгидрометтің мәліметі бойынша компаниялар мен басқа жерқойнауын пайдаланушылар қызмет жасап жатқан елді-мекендерде ауаның ластануы жоғары және өте жоғары деңгейде екенін атап өтті. Мысалы Балқаш, Теміртау, Сатпаев, Хромтау, Ақсай, Қарағанды, Өскемен, Павлодар және басқа да қалалардың ауасы ластануының деңгейі төмендемей тұр.

– Жаңа Экология кодексі енгізілген 2021 жылы атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейі 9 қалада тіркелген болса, 2022 жылы – 30, 2023 жылы – 18, ал 2024 жылдың бірінші жартысында 26 елді-мекенде тіркелген. Бұл – Қазгидрометтің ресми ақпараты. Ауасы өндіріс ошақтарымен ластанатын елді-мекендердің саны артқан. Әлі күнге шейін кәсіпорындар таза технологияларды енгізуге мүдделі болмай отыр. Сондықтан Экокодексті жетілдіріп, нормалардың орындалуын жіті бақылауымыз қажет, – деді Е.Жаңбыршин.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда шығарындылар 3,3 пайызға, төгінділер 8 пайызға азайғанын атап өтті. Шығарындылар лимиті кәсіпорындарда көбірек төмендеген.

–   Бүгінгі таңда республика бойынша 3 мыңнан астам қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары мен қоқыс орындары бар, олардың 619-ның тиісті жобалық және рұқсат беру құжаттары бар. Полигондар мен қоқыс орындарының көпшілігі толған және қалпына келтіруді қажет етеді. Экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келетін полигондардың ең аз үлесі мына өңірлерде байқалып отыр: Павлодар облысында – 5, Солтүстік Қазақстан облысында – 11 және Абай облысында – 5 полигон, – деді министр.

Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, ғарыштық мониторинг деректеріне сәйкес 4897 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталып, олардың 2596-сы жойылған. 2025 жылға бюджетті нақтылау кезінде жылына екі рет космомониторинг жүргізуге 1,4 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу ұсынылып отыр. Экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатымен инспекциялық қызметпен тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 9 кәсіпорынның қызметі сот тәртібімен тоқтатылған.

Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров саладағы заң бұзушылықтың 3 негізгі себебін атады. Олар: ресми полигондардың жетіспеушілігі, қалдықтарды қабылдаудағы жоғары бағалар және халықтың экологиялық сана-сезімінің төмендігі. Ал Бас прокурордың аға көмекшісі Асхат Ауқатов елімізде жыл сайын 7 млн тоннаға дейін қоқыс түзілетінін айтты.

– Елде 150 млн тоннадан астам тұрмыстық қоқыс жиналды. Қазақстан Ғарыш Сапары ресурстарының арқасында біз жыл сайын 5-7 мыңға дейін рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтаймыз. Ол аумақта ештеңе өспейді, олардың астындағы жер асты сулары тұтынуға жарамайды. Соңғы ғарыштық суреттер бойынша Астананың өзінде 400-ден астам қоқыс орны табылды, – деді А.Ауқатов.

Баяндамаларды тыңдаған соң депутаттар жауапты органдар өкілдеріне тақырыпқа қатысты сауалдарын қойды. Оның ішінде, ірі кәсіпорындардың өзі зиян келтірген өңірдің бюджетіне айыппұл төлеуі, компанияларды қалдықтарын қайта өңдеуге немесе басқа да материалдар шығаруға ынталандыру, компаниялардың өзіне алған міндеттемелерін орындауын қадағалау, «Қошқар ата» қалдықтар қоймасын рекультивациялау, қалдықтарды бақылау және өзге де мәселелер көтерілді.

Жиынға қатысушылар саладағы өзекті мәселелерді талқылап, табиғат пайдалануды реттеуге мән берді. Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин отырыс соңында көтерілген мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстарға тоқталды. Мәселен, кәсіпорындарға жаңа технологиялар енгізу, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою, бос жатқан мұнай ұңғымаларын түгендеу және басқалар. Айтылған ұсыныстар жинақталып, Үкіметке жолданатын болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив