Облыстың даму қарқынында оң нәтиже бар
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жақында Астана қаласындағы Орталық коммуникациялыр қызметі орталығында республикалық БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен және алдағы жоспарларымен таныстырғаны белгілі. Облыс басшысы атап көрсеткендей, биылғы
9 айдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің өсуі байқалады. Өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы – 105,3% деңгейді көрсетеді.
Негізгі облыстың даму көрсеткіші құрылыс, өнеркәсіп, ішкі сауда айналымы, ауыл шаруашылығы саласы бойынша және инвестиция тартуда 100 пайыздан жоғары нәтижеге ие. Қазіргі күнде 237 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2 мың отбасы баспаналы болған жайы бар.
Нақты дерекпен айтар болсақ, бүгінгі күнге дейін мемлекеттік бюджетке 294, 9 млрд теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер түскен. Оның 197 млрд теңгесі республикалық бюджетке, 97,8 млрд. теңгесі жергілікті бюджетке тиесілі. Бұл облыс экономикасының өсу қарқыны 126,5% ға жеткендігін көрсетеді.
Биыл облыс бюджетінің көлемі 480,8 млрд. Теңгеге жеткендігін ескерсек, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 120%-ға артқандығын айқындайды.
Қуантарлығы сол, қазіргі күнде облыс орталығы – Семей қаласының бюджеті 114,7 млрд. теңгені құрайды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7,7%-ға артық (106,5 млрд. теңге) екендігін ескерсек, қаланың әлеуметтік ахуалы оңала бастағанын білдіреді.
Облыста инвестиция тарту арқылы эконшмиканы оңалтудың түрлі қадамдары жақсарып келеді. Айталық, жалпы көлемі 560,5 млрд. теңгені құрайтын «Айдарлы» мыс кен орнында тау-кен байыту комбинатын салу осы мақсаттағы ірі инвестициялық жобалардың бірі. Жобалық қуаттылығы – жылына 50 млн. тонна кен өндіруге мүмкіндігі бар. Сол негізде 1 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар маусым айында Үкіметте 1,5 млрд. долларға ірі мыс балқыту зауытын (KAZ Minerals Smelting ЖШС) салуға келісімге қол қойылғаны өңірде өндіріс орындарының жұмыс қарқыны өркендей бастағанын аңғартса керек. Жобалық қуаты – жылына 300 мың тонна мыс шығаруға мүмкіндігі артып, 1 мың жұмыс орны құрылады.
Мердігері «NFS Kazakhstan» ЖШС болып нақтыланған зауыт Ақтоғай кентінің маңында салынбақ. Бұл әлемдегі ең ірі мыс кеніштерінің бірін және қазіргі заманғы мыс балқыту өндірісін біріктіретін кластер болады. Кәсіпорын іске қосылса, құрамында мыс бар шикізат пен катодты мыс өңдеуге нарықтың ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, катодты мысқа электр энергетикасында, машина жасауда және басқа да өнеркәсіптік салаларда қажеттілік бар. Амандық болса, жаңа зауыт тазартылған алтын, күміс және күкірт қышқылын шығаруды жоспарлап отыр. Аталған нысанды пайдалануға беру 2028 жылдың соңына дейін жоспарланған.
Агроөнеркәсіптік кешенде 7,3 млрд теңгеге 17 инвестициялық жоба іске асты.Жыл аяғына дейін тағы 1 жоба іске қосылатын болады.
Нұрлан Тельманұлы президент назарға алған ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланбаған жерлерді қайтару ісінің орындалу барысынан да хабардар етті. Облыс бойынша жалпы ауданы 644,1 мың гектар болатын 114 жер учаскесі анықталып, қазіргі күнде оның 112,5 мың гектары қайтарылған. Яғни, бұл мақсаттағы жоспар толық орындалды деуге болады.
Облыс әкімінің айтуынша, Семей қаласының оң жағалауында 146,99 Гкал жылу энергиясының тапшылығы бар. Бұл мәселені шешу үшін Президент тапсырмасымен жаңа жылу электр орталығын салу тапсырмасын орындау жүктелген. Сол негізде облыстық әкімдік «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы мен жобалаушыны қатыстыра отырып, жедел жұмыс тобын құруға қол жеткізді. Құрылыс алаңы (сол жағалау, Степной кентінің ауданы) мен күл үйіндісін жинақтау орны анықталды.
Қазір «Самұрық-Энерго» техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу үстінде. Сондай-ақ, «Самұрық Энерго» АҚ қуаты 294 МВт «Семей ГЭС» құрылысының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін және қуаты 1050 МВт ұлғайта отырып, «Шүлбі ГЭС-ін» қайта құрудың екінші кезегін әзірлеу бойынша жұмысты аяқтағаны қуантады.
Жалпы, Абай облысы бойынша, жоспарланған жұмыстар кезең кезеңімен атқарылып жатыр. Басқа да салалар бойынша, нақтыланған істер жайынан алдағы уақытта да хабардар ететін боламыз.