Қабылданған шаралардың нәтижесінде арнайы қолдаумен қамтылған мүгедектігі бар балалардың үлесі 84%-ды құрады – Оқу-ағарту министрлігі
Барлық білім алушылардың, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету Оқу-ағарту министрлігінің басты міндеті саналады. Қабылданып жатқан шаралар мен мүгедектігі бар жандарды оқыту туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндады.
Бүгінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) есебінде 203 мың мүгедектігі бар бала тұр, олардың 66 мыңы – мектеп жасына дейінгі, 137 мыңы – мектеп жасындағы балалар. Арнайы қолдауға мұқтаж балаларды оқыту, тәрбиелеу, оңалту 496 мамандандырылған білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту үшін мектепке дейінгі ұйымдардың 69%-ында, мектептердің 88%-ында, колледждердің 80%-ында жағдай жасалған. Мектептерде 1071 арнайы жабдықталған кабинет бар. Бірқатар өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жағдай жасау көрсеткіштері төмен.
Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі балалармен 9 мың арнайы педагог жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі ұйымдарда педагог-ассистенттердің саны 1 мыңнан 2,5 мыңға дейін өсті. Мектепке дейінгі ұйымдарда да «педагог-ассистент» лауазымы енгізілуде.
«Тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балалар үшін мектепте «жеке көмекші» лауазымы енгізілуде. «Педагог» кәсіптік стандартына мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс бойынша жаңа мамандықтар қосылуда. Педагогтердің біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Биыл курстардан 5 мың педагог өтті. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың өсуіне байланысты 3,5 мың арнайы педагогқа қажеттілік бар. Келесі оқу жылынан бастап «педагог-ассистенттер» колледждерде дайындалады. Тиісті бұйрық қабылданды. Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, арнайы педагогтар тапшылығы бар. Түркістан және Маңғыстау облыстарында қажетті мамандармен қамтамасыз етуге назар аудару қажет», — деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
Психологиялық-педагогикалық қолдаудың қол жетімді болуын арттыру мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру механизмі енгізілді. Ол 5 өңірде жүзеге асырылып, 2 мың бала қамтылып отыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде арнайы қолдаумен қамтылған ерекше қажеттіліктері бар балалардың үлесі 84%-ды құрады. Мүгедектігі бар балалар үшін колледжге түсу квотасы 1%-дан 10%-ға ұлғайтылды.
«Балалар мүгедектігінің алдын алу мақсатында ерте анықтау және ерте қолдау үшін арнайы ұйымдар желісі ұлғаюда. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 21 бірлікке өсті. Алайда бірқатар өңірлерде ПМПК желісі мен түзету кабинеттері жеткіліксіз. Осыған байланысты Абай, Түркістан, Қарағанды, Қостанай облыстарының және Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне арнайы ұйымдарды ашу мәселелерін бақылауға алу қажет деп санаймыз», — деді оқу-ағарту министрі.
Сондай-ақ Ғани Бейсембаев скрининг нәтижелерімен алмасу үшін денсаулық сақтау министрлігінің дерекқорымен интеграция жүргізіліп жатқанын айтты. ПМПК-да жазу автоматтандырылады. Тұрақты бұзылыстары бар балалар үшін ПМПК қорытындысының мерзімі ұзартылады. Нәтижесінде кезектілік 50%-ға қысқарады. Баланы тексеру уақытын ұзарту арқылы сапаға назар аударылады.
Бұдан басқа, оқу-әдістемелік кешендер әзірленуде, оқулықтар кезең-кезеңімен әзірленуде, арнайы оқу жоспарлары мен бағдарламалары, Брайль және үлкейтілген қаріп бойынша оқулықтар бар. Педагогтер әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілген.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі саналады. Осыған байланысты білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету, оңалту және арнайы қолдау қызметтерін көрсету сапасын арттыру үшін заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасады.