Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
508.05 534.82 5.06

Мәжіліске Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі келді

8-11-2024, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліске Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукар келді. Оның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан бастаған депутаттар қарсы алды.

Жиынды ашқан комитет төрайымы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев достас Иранмен сенімді серіктестік пен тығыз әріптестікті нығайту мен одан әрі кеңейту мәселесіне ерекше мән беретінін атап өтті.

– Елдеріміз арасындағы тату көршілестік пен достық қарым-қатынасты дамыту – сыртқы саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Соңғы жылдары жоғары деңгейде өткен екіжақты басқосулар мен көпжақты форматтағы ықпалдастығымыз – осының нәтижесі. Халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша бір-бірімізге тұрақты қолдау көрсетеміз. Халықаралық ұйымдар аясында да жұмысымызды жалғастыруға дайынбыз, – деді А.Құспан.

Иранмен достық тобының жетекшісі Берік Бейсенғалиев екіжақты ынтымақтастықта сауда-экономикалық саланың әлеуеті зор екенін, Қазақстан Президентінің Тегеранға ресми сапары барысында екіжақты сауда айналымын 3 млрд долларға жеткізу жөнінде уағдаластық жасалғанын атап өтті.

Өз кезегінде Елші Әли Акбар Джоукар осы сауда айналымына қол жеткізу үшін жұмысты күшейту қажеттігін айтты.

– Иран – Қазақстанда алғаш болып елшілік ашқан мемлекеттердің бірі. Екі ел арасында 30 жылдан астам уақыт ішінде ешқандай түйткіл болмағанын айта кету керек. Мұндай жақсы қарым-қатынас біздің жауапкершілігімізді одан сайын арттырады. Қазақстан тәуелсіздік алғалы өркендеп келеді әрі болашағы зор мемлекет. Елдеріміз арасындағы байланыстың болмысы стратегиялық болғандықтан алдағы уақытта стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қоямыз деп үміттенемін, – деді Ә.Джоукар.

 Елші парламенттік достық топтарының байланысын нығайту үшін 2025 жылы Мәжіліс делегациясын Иранға ресми сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ жақын арада Иранда Азия ынтымақтастық диалогы шеңберінде Парламенттер төрағаларының отырысы өтетінін, оған Мәжіліс төрағасының да шақырту алғанын хабарлады.  

Бұл ретте Айгүл Құспан Парламент және кезектен тыс Президент сайлауының жоғары деңгейде өтуімен құттықтап, Иранның жаңа Президенті Масуд Пезешкианның және Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Мохаммад Ғалибафтың қызметтеріне сәттілік тіледі.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив