Қазан қаласында «Бибігүл» қазақ халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті
Абай облысының мәдени күндері аясында Ғалиасқар Камал атындағы Татар мемлекеттік академиялық театрында Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нұрлан Төкейдің жетекшілігімен Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының «Бибігүл» қазақ халық аспаптар оркестрінің мерекелік концерті өтті. Концертті Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Василь Шайхразиев, Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақов тамашалады.
Бұл мәдени шара Қазақстан мен Татарстан халықтары арасындағы ұзақ мерзімді байланыстарды нығайтуға, ортақ рухани мұраны сақтауға және дәріптеуге бағытталған.
Концерттік бағдарлама аясында Латиф Хамиди, Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский және Нұрғиса Тілендиев сынды танымал композиторлардың шығармалары орындалды. Оркестр «Абай» операсынан арияларды, сондай-ақ қазақ және татар халқының мәдениетін бейнелейтін халық билері мен композицияларды жұртшылық назарына ұсынды.
Көрермендер оркестрден бөлек екі халықтың мәдени бірлігін айшықтайтын «Тұмар» халық би ансамблі бишілерінің өнерін тамашалады. Концерттік бағдарлама аясында Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері Ерлан Рысқали мен Мапруза Утуленова, сондай-ақ еліміздің Мәдениет саласының үздігі атанған солистер көпшілікті өнерімен тәнті етті.