Cемей-7°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
493.85 519.04 4.97

Сенат Төрағасы Алматыда дарынды балаларға арналған мектептің іргетасын қалау рәсіміне қатысты

Бүгін, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

Алматы қаласында Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Білім ордасының іргетасын қалау рәсіміне Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, қала басшылығы, Парламент және мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ардагер ұстаздар қатысты.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының жаңа ғимаратын салу ұлттық білім беру жүйесін жетілдіру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы елімізде білім сапасын арттыруға және педагог мәртебесін нығайтуға үнемі баса мән беріп келе жатқанын тілге тиек етті.

«Қазіргі таңда елімізде оқушылардың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасау және олардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл ретте Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын ерекше атап өткен жөн. Ауқымды жоба қалалар мен бірге шалғайдағы ауылдарды да қамтиды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Спикері Абай атындағы мектептің жаңа ғимаратын салу орта білімнің ұлттық брендін қалыптастыруға қосылған үлкен үлес екенін айтты. Сондай-ақ Палата Төрағасы бұл қадам қоғамда ұлттық мүддені берік орнықтыру және тарихи сабақтастықты сақтау үшін қажет екеніне назар аударды.

«Абай мектеп-интернатын жаңғырту отандық білім беруді одан әрі дамытуға және өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге тың серпін береді. Жобаның басты мақсаты – ұлы Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасына табан тірей отырып, ұлтқа қызмет ететін патриот азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеу. Осы бағыттағы жұмысты тәуелсіз Қазақстанның құндылықтарымен және озық халықаралық тәжірибемен үйлестіре отырып жүргізу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасын іске асыруға жол ашады», – деп, Мәулен Әшімбаев аталған жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Алматы қаласының әкімдігіне, Оқу-ағарту министрлігіне және осы игі іске үн қосқан барша белсенді азаматқа алғыс білдірді.

Сондай-ақ сапар барысында сенаторлар Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің басшылығымен, оқытушыларымен және студенттерімен кездесіп, жоғары оқу орнында оқитын болашақ дәрігерлер тұрып жатқан жаңа жатақханалардың жағдайымен танысты.

Медициналық университеттің ректорымен кездесу кезінде Мемлекет басшысы белгілеп берген еліміздің ғылыми-технологиялық саясатының басым бағыттарын іске асыру міндеттері талқыланды. Клиникалық зерттеулердің перспективалары, ғылыми кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыру, зерттеу жобаларына әлеуметтік және қаржылық қолдау көрсету, инновациялық әдістемелер мен технологияларды енгізу мәселелеріне де мән беріліп, тың ұсыныстар айтылды.

Бұдан басқа, Сенат Төрағасы Алматыдағы №63 жалпы білім беретін мектеп базасында орналасқан ресурстық орталықтың қызметімен танысты. Бұл жерде инклюзивті білім беру бағытындағы инновациялық тәсілдер белсенді қолданылып келеді. Атап айтқанда, Парламент депутаттары оқытудың әртүрлі әдістері, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытуға арналған мамандандырылған залдар, логопед, психолог, инклюзия, ойын, сенсорлық және басқа да салалық кабинеттердің жұмысына назар аударды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив