Астанада Герольд Бельгердің екі томдық жинағының тұсаукесері өтті
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ әдебиетінің көрнекті аудармашысы, жазушы және публицист Герольд Бельгердің 90 жылдығына орай екі томдық «Таңдамалылар» кітабының тұсаукесері өтті.
Оған мәдениет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар мен аудармашылар, сондай-ақ Ресей дипломатиялық корпусының өкілдері қатысты.
Іс-шарада ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Али министр Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.
Министр құттықтауында Герольд Бельгердің қазақ әдебиеті мен мәдениетін дәріптеудегі адал қызметі мен көптілді мұрасы келешек ұрпақ үшін маңызды құндылық екені айтылған.
«Бұл жинақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі үйлестіретін «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көріп, еліміздің кітапханаларына таратылады. Бұдан бөлек биыл бірегей тұлғаға арналған жүзден астам рухани іс-шара еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен аталып өтуде. Жылдың кейінгі ширегінің өзінде Герольд Бельгердің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында 32 іс-шара жоспарланып, қалың оқырманға ұсынылуда. Министрлік тарапынан жазушының шығармашылығы мен өмір жолын насихаттау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Телеарналар арқылы тараған «Бірегей» бағдарламасы, «Біз біргеміз» ролигі, «Неизданные произведения Герольда Бельгера» сюжеттерін ерекше атап өткім келеді», – делінген құттықтау хатта.
Сондай-ақ, жиында жазушының қызы Ирина Ковалева-Бельгердің іс-шара ұйымдастырушыларына алғыс білдірген хаты оқылды.
«Қазақстанның әр өңірінде Герольд Бельгердің 90 жылдық мерейтойы аясында көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Сондай маңызды шараның бірі – екі томдық жинақтың жарық көруі. Бірінші томда ең үздік әңгімелері мен шығармалары жинақталған. Екінші том өміріндегі аса қымбат жандарға, бірге өмір сүрген, өзі талантын жоғары бағалаған адамдарға арналған. Оның шығармашылығы мен өміріне қызығушылық танытып, насихаттап жатқандарыңыз үшін шексіз алғыс білдіреміз», – деді И. Ковалева-Бельгер.
Герольд Бельгердің жаңа екі томдық «Таңдамалылар» жинағына 140-тан аса шығармалары мен аудармалары еніп, әрқайсысы 3000 данамен жарыққа шықты.