Еңбекмині қазақстандықтарды шетелде жұмысқа орналастыратын жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін реттейді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан азаматтарының шетелдегі еңбек қызметін ұйымдастыру бойынша еңбек мобильділігі орталықтарының жеке жұмыспен қамту агенттіктерімен өзара іс-қимыл жасау қағидаларының жобасын әзірледі. Құжат жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.
Құжаттың негізгі мақсаты – республикадан тыс жерлерге жұмысқа шығатын қазақстандықтарды даярлауды, олардың еңбек қызметін тиімді ұйымдастыруды және шетелде еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету.
Қағидалар шетелде азаматтарды жұмысқа орналастыруға қатысуға үміткер жеке жұмыспен қамту агенттіктеріне қойылатын талаптарды белгілейді, сондай-ақ осы агенттіктердің еңбек ұтқырлығы орталықтарымен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.
Сондай-ақ жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің шетелде жұмысқа орналасқысы келетін ізденушілерді іріктеу және оларды даярлау тәртібі регламенттеледі.
Бұдан басқа белгіленген талаптарға сәйкес келетін жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің тізілімін құру және жүргізу көзделеді.