Абай облысында кәсіпкерлерге әлеуметтік бизнес бастауға қолдау көрсетілуде
Биыл өңірде жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға гранттар бөлінген. Конкурска қатысу үшін кәсіпкерлер арнайы платформа арқылы жобаларын ұсынып, комиссия қаралымына жолдаған. Жобаларды іріктеу аясында комиссия 20 жобаны қарап, оның 16 жобасына грант берген.
Бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары жайлы арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры барысында Абай облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының, Жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Малікаждар атап өтті.
2024 жылы гранттар бағдарламасы өзгертіліп, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аударылған. Конкурсқа тек, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері ретінде тіркелген кәсіпкерлер, сондай – ақ «Бір ауыл-Бір өнім» бағдарламасының финалистері қатыса алады.
Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдеріне 2022-2023 жылдары гранттық қаржыландыру алған үш нысан жұмысы көрсетілді.
Бірінші нысан: кәсіпкер Ақерке Қайырханова ашқан гибридті білім беру орталығы. Оның жобасына мемлекеттік гранттан 5 млн теңге берілген. Гибридті оқыту әдісі аймақ үшін инновациялық жаңа серпіліс. Сондай-ақ, IELTS-ке дайындалуға лицензия алған кәсіпкердің тәжірибесі де өтінімді қарастыруда маңызды рөл атқарған.
Екінші жоба: 2022 жылы ашылған қазақтың ұлттық тәттілерін шығаратын цех. Кәсіпкерлер 2,5 млн. теңге көлемінде грант алып, өз жұмыстарын жандандырған. Бұл жылы гранттар қаржысы мүмкіндігінше көп кәсіпкерлерді қолдау үшін қысқартылған көлемде бөлінген. Осыған қарамастан, цех табысты жұмыс істеп, өңірде үздік, әрі сапалы өнім шығарумен айналысуда.
Баспасөз турының соңы Ардақ Салқынбаева бастаған «ZERDE» неврологиялық-педиатриялық орталықпен аяқталды. Орталық ашуға кәсіпкер 4 млн теңге көлеміндегі грантқа ие болған. Екі жылдан бері қызмет жасап жатқан орталықта қазір мамандар балаларға логопедиялық көмек көрсетіп, олардың сөйлеуі мен әлеуметтік бейімделуіне ықпал етуде.