Сенатор Әли Бектаев: Мемлекеттік саясаттың басымдығы – отандық техникаға қолдау жасау
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары мемлекеттік органдар мен аграрлық сектор өкілдерімен кездесті. Онда ауыл шаруашылығы өндірушілерін заманауи техникамен қамтамасыз ету және отандық өндірісті қолдау шаралары талқыланды.
Комитет төрағасы Әли Бектаев 2024 жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында 204 млрд теңге сомасына лизинг шарттарын жасауға қол жеткенін, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінен 36%-ға артық екенін атап өтті. Сенатордың айтуынша, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы сатып алынған барлық техниканың 77%-дан астамы отандық тракторлар мен комбайндар және дән сепкіштерге тиесілі. Бұл «5% жеңілдікті лизинг» бағдарламасының арқасында мүмкін болды. Оны игеру 2024 жылдың қарашасына қарай 81%-ға жетті.
«Отандық техниканың үлесін 77%-ға дейін арттыру алға жасалған маңызды қадам болды. Алайда, одан әрі даму үшін мемлекет тарапынан қолдауды күшейту қажет. Біз ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өз жұмысының тиімділігін арттыру үшін қолжетімді қаржыландыру мен заманауи жабдықтарды ала алатынына кепілдік беруіміз керек», - деп атап өтті Әли Бектаев.
Парламентшілер сонымен қатар 2025 жылы лизинг бағдарламаларын қаржыландыруға қауіп төніп тұрғанын атап өтті. Депутаттар бұған дейін республикалық бюджет комиссиясы қаржыландыру көлемін ұлғайтуға қаржы бөлуден бас тартқанын жеткізді. Бұл ретте Премьер-Министр Олжас Бектенов купондық мөлшерлеме бойынша субсидия бере отырып, 200 млрд теңге бөлу тетігін әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл қаржыны Үкіметтің резервінен алу жоспарлануда, бірақ 2024 жылғы қолданыстағы субсидия бойынша берешек шұғыл шешімді қажет етеді.
Сенаторлар мен фермерлер қауымдастығының өкілдері лизинг рәсімдерін жеңілдету, субсидияларды уақтылы бөлу және техниканың қолжетімділігі сияқты басқа да мәселелерді талқылады. Отырысқа қатысушылар ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және қазақстандық аграршыларға қолайлы жағдайлар жасау үшін бірлескен жұмысқа дайын екендіктерін білдірді.