Cемей-2°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы парламентаралық ынтымақтастық нығаюда

Кеше, 17:04 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, Қазақстан-Моңғолия парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі Нұртай Сабильянов бастаған Мәжіліс депутаттары Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралы депутаттарымен кездесті.

Кездесу барысында Нұртай Сабильянов Қазақстан Моңғолияның Орталық Азия өңіріндегі ерекше серіктес ел екенін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға мемлекеттік сапарында жоғары деңгейдегі келіссөздер мен бірқатар маңызды құжатқа қол қойғанын атап өтті. Бұл екі ел арасындағы байланысты арттырып, сауда-экономикалық және саяси ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

– Жалпы саяси диалогты дамытуда Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралы мен Қазақстан Парламенті арасындағы әріптестік маңызды рөл атқарады. Заң шығару саласындағы ынтымақтастықты күшейту үшін екі елдің достық топтарының әлеуетін барынша тиімді пайдалану қажет. Моңғолия – Қазақстанның перспективалы сауда серіктестерінің бірі. Қазақстан азық-түлік саласындағы тауарлары арқылы өз экспортын ұлғайтуға дайын, – деді                   Н. Сабильянов.

Моңғолия делегациясын бастап келген Ұлы Мемлекеттік Хуралының депутаты, парламентаралық ынтымақтастық топ жетекшісінің орынбасары Хажекбер Жангабыл Қазақстан-Моңғолия достық тобының елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 жылдан кейін Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапарын жоғары бағалап, оны екі елдің стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген қарым-қатынасының маңызды кезеңі деп атады.

– Қазір біздің алдымызда осы сапар барысында келісілген жұмыстарды әрі қарай дамыту міндеті тұр. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін тауар айналымын 500 млн долларға дейін жеткізу мақсаты қойылды. Бұл мақсатқа жету үшін қос тараптың заң шығарушы органдары құқықтық базаны жаңартуы маңызды, – деді Х. Жангабыл.

Мәжіліс депутаттары моңғол халқын маусым айында өткен кезекті Парламент сайлауының сәтті өтуімен құттықтап, жаңа форматтағы Парламенттің елдегі демократиялық процестерді және халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Сонымен қатар депутаттар Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін Моңғолия Үкіметіне алғыс білдірді.

Жиын соңында екі елдің парламентаралық достық топтары өзара ынтымақтастықты түрлі салада нығайтуға келісті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив