Сенаторлар мүгедектігі бар балаларды қолдауды күшейту туралы заң жобасын әзірлеуді талқылады
Сенатта мүгедектігі бар балаларды кешенді қолдауды көздейтін жаңа заң жобасын әзірлеу мәселесі талқыланды. Онда сенаторлардың, сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен жұмыс тобының алғашқы отырысы болды. Осыдан бұрын Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен өткен ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің отырысында мүгедектігі бар балаларды қолдау туралы заңнаманы қолға алудың маңыздылығы талқыланған болатын.
Шара барысында жұмыс тобының қатысушылары құжат заңнаманы жетілдіруге бағытталатынын атап өтті. Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға неғұрлым тиімді әлеуметтік және медициналық-педагогикалық қолдауға қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды.
«Бір топ Сенат депутаттары мүгедектігі бар балаларға жаңа мүмкіндік ашатын заң әзірлеуге кірісті. Бұл әлеуметтік және медициналық-педагогикалық көмекті жақсарту мәселелерін ғана емес, сонымен қатар оларды өмірдің барлық кезеңінде қоғамға кіріктіруге жағдай жасауды қамтитын кешенді құжат», — деді сенатор Амангелді Толамисов.
Мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық қолдау туралы қолданыстағы заң 2002 жылы қабылданған болатын. Оған осы кезге дейін 70-тен астам түзету енгізілді. Парламентшілердің айтуынша, құжат қазіргі заманғы ахуал мен халықаралық стандартқа сәйкес келмейді. Жұмыс тобының отырысына қатысушылар қолданыстағы заңға ұғымдарды нақтылаумен қоса, 18 баптың 16-сына мемлекеттік және жеке ұйымдар арасындағы іс-қимылдарды ерте анықтау және үйлестіру тетігін жақсарту туралы өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.