Тамара Дүйсенова Шығыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік мекемелерді аралады
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Үміт» балалар үйіне барды.
Мекеме ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жан-жақты қолдау көрсетеді, оның ішінде әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық көмек және басқа да қызметтер бар. Қазіргі уақытта балалар үйінде 160 бала тәрбиеленуде.
Тамара Дүйсеноваға балаларды әлеуметтік бейімдеу және өзін-өзі басқару дағдыларын дамытуға арналған арнайы кабинеттер көрсетілді. Онда балалар тұрмыстық және шығармашылық дағдыларды меңгереді. Тәрбиеленушілерге аспаздық, тігіншілік, ән айту, би билеу, қазақ тілі және басқа да бағыттар бойынша курстар ұйымдастырылған.
Мекеме директоры Майра Бейсеқанова балаларды өз бетінше өмір сүруге дайындау мекеме жұмысының басты мақсаты екенін атап өтті. Сонымен қатар балалар үйінің түлектеріне қолдау көрсететін постинтернаттық бағдарлама бар.
«Біз балаларды тәрбиеленіп шыққаннан кейін де қолдауды жалғастырамыз. Олар қай жерде жүрсе де, назардан тыс қалдырмаймыз. Біз түлектермен, олардың оқу орындары, жұмыс орындарымен байланыста боламыз», — деді орталық директоры Майра Бейсеқанова.
Сапар барысында вице-премьерге тәрбиеленушілер дайындаған концерттік бағдарлама көрсетілді. Тамара Дүйсенова орталықтың жұмысын жоғары бағалап, табыс тіледі.
Сондай-ақ вице-премьер Солнечный ауылындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды. Мекеме егде жастағы адамдар мен мүгедектігі бар жандарға стационарлық әлеуметтік қызмет көрсетеді.
Қазіргі уақытта орталықта 112 адам тұрады, оларға тәулік бойы күтім, медициналық бақылау және әлеуметтік оңалту қызметтері ұсынылып, жайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған.
Тамара Дүйсеноваға орталықтағы «Социум» атты ақпараттық жүйе таныстырылды. Орталық директоры Жәнібек Шаянбаевтың айтуынша, бұл платформа мекеме қызметтерінің барлық үдерісін автоматтандыруға мүмкіндік берді.
«Жүйе жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді: әрбір қызмет алушыға қандай қызмет көрсетілгенін бақылауға болады. Бұл ақпаратты әлеуметтік қорғау басқармасы мен салалық министрлік қадағалай алады. Болашақта біздің қамқорлығымыздағы адамдардың туыстары да орталық қызметін бақылауға қол жеткізіп, көрсетілген қызметтер, емдеу, денсаулық жағдайы мен тамақтану туралы мәліметтерді көре алатын болады», — деді орталық директоры.
Мекемені аралау кезінде вице-премьер орталық тұрғындарымен әңгімелесіп, әлеуметтік қызметтерге мұқтаж жандарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету жалғасатынын әрі бұл жұмыстың үнемі жетілдірілетінін атап өтті.