1 қаңтардан бастап Семейде қоғамдық көлікті субсидиялаудың жаңа моделі енгізіледі
Қарапайым тілмен айтқанда, тасымалдаушы жолаушылардың қатысуымен емес, жүрілген километрлер бойынша қаржы алады. Бұл жүргізушілерді көбірек желіде қалуға ынталандырады.
– Мысал ретінде айтар болсақ, Абай облысы құрылмас бұрын техниканың маршруттарға шығу пайызы небәрі 50%-дан аспайтын. Бұл мәселе тасымалдаудың сапасына айтарлықтай әсер етті. Облыс құрылғалы бері біз осы мәселемен жұмыс істей бастадық. Қазіргі уақытта автобустардың маршруттарға шығу пайызы 75%-дан төмендемей, тұрақты түрде сақталып отыр, – деді Семей қаласы әкімінің орынбасары Әділет Тұрысбек.
Сондай-ақ, ЖК және АЖ бөлімінің жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Арман Жоламанов, автобустардың қозғалыс интервалы мен жұмыс уақытының бұзылуы туралы барлық мәліметтердің қатаң бақыланатындығын айтты.
– Егер қозғалыс тәртібі бұзылса, біз субсидиялау ережелеріне сәйкес жоспар бойынша орындалған жұмысқа пропорционалды түрде субсидия мөлшерін азайтуға құқылымыз. Біз мұны назардан тыс қалдырмаймыз. Жолаушылар көлігін басқару орталығы бізге әр маршрут бойынша жоспардың қаншалықты орындалғаны туралы мәліметтерді береді,– деді Арман Жоламанов.
Семей қаласының әкімінің орынбасары Әділет Тұрысбек субсидиялау жүйесінің арқасында тасымалдаушылардың автопарктерін жаңартуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
– Қалада электронды билеттеу жүйесі барлық маршруттар бойынша жұмыс істеп жатыр. Біріңғай диспетчерлік және бақылау қызметіне келер болсақ, АЖ және ЖК бөлімінің жолаушылар тасымалдауды бақылау орталығымен келісімшарты бар, ол диспетчерлік және бақылау қызметін атқарады. Барлық мәліметтер сол жерден тапсырыс берушіге беріледі, ол өз кезегінде осы мәліметтерге сәйкес қаржы қаражатын реттейді, – деді Әділет Тұрысбек.
ЖК және АЖ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділбек Увасилов алдағы жылы маршруттық желілерді оңтайландыру және жаңа маршруттар әзірлеу басталатынын айтты.
– 2025 жылы қалада маршруттық желілерді оңтайландыру жоспарлануда. Барлық проблемалы маршруттар мен учаскелер зерттеліп, ғылыми тәсілдерге сәйкес шаралар қабылданатын болады, – деді Әділбек Увасилов.
Сонымен қатар, спикерлер биыл сәуірде Астанада тасымалдаушылар қауымдастығы мен орталық органдардың қатысуымен өткен жиын туралы хабарлады.
– Жиында 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті атқарушы органдарға қоғамдық көлікті субсидиялауды маршруттың есептік құны негізінде жүргізу ұсынылды. Қазіргі уақытта біз тасымалдаушыларды бір жолаушыға тариф есептеу негізінде субсидиялап келдік, 1 қаңтардан бастап біз ұсынылған жаңа субсидиялау моделіне көшеміз. Кешкі уақытта жолаушы ағыны азайып, тасымалдаушының шығындары артады. Жаңа субсидиялау моделіне көшу арқылы тасымалдаушылар өздерінің жүрілген километрін көбейтуге, ал сол арқылы субсидия көлемін арттыруға мүдделі болады, – деп атап өтті Арман Жоламанов.