Абай облысында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру жалғасуда
Биыл жоспарланған 227 нысанның 207 - і толық бейімделіп, жұмыс көлемінің басым бөлігі орындалған. Бұл жоспардың шамамен 87%-ға орындалғанын көрсетеді. Қалған 20 нысан бойынша жұмыстарды аяқтау жоспарлануда.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында «Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы» ММ басқарма басшысының орынбасары Думанғазы Арғынғазин мәлімдеді.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау қазіргі заманғы құрылыс талаптарының маңызды бөлігі болып табылады. Әр жаңа ғимараттың жобасында инклюзивті орта қалыптастыруға арналған элементтер қарастырылады.
Думанғазы Арғынғазин Семей қаласының барлық азаматтары үшін кедергісіз орта құрудың жалғасатынын атап өтті. Осы бағытта қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, жұмыс әлі де жалғасуда, және бұл маңызды мақсатқа жету үшін көптеген шаралар қабылдануда. Абай облысында жалпы 24 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тұрады, оның ішінде 2,9 мың бала бар.
Айта өтсек, Өңірде 5 облыстық медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді, оларда 841 төсек-орын бар. Сонымен қатар, қалалар мен аудандарда 4 мыңға жуық адамға қызмет көрсететін 14 аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар ішінде үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 34 бөлімше бар. Осы мекемелер мен бөлімшелер ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қажетті көмек пен қолдау көрсетуде маңызды рөл атқарады.