Абай облысының 11 мұғаліміне сертификат табысталды
Жаңа форматтағы көшбасшыларды іріктеуге және оқытуға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының екінші легі қорытындыланды. Абай облысынан биыл 11 мұғалім сертификат алды.
Іріктеу бес кезең бойынша өтті: кәсіби және басқарушылық құзыреттерді бағалау бойынша тестілеу, оқу, еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және республикалық комиссиядан әңгімелесуден өту. Үміткерлерді іріктеу және олардың біліктілігін арттыру бойынша іс-шараларды Педагогикалық шеберлік орталығы жүргізді.
Бес кезеңінің қорытындысы бойынша елімізден 376 үміткер Республикалық кадр резервіне алынды. Оларға конкурссыз қызметке тағайындау туралы сертификаттар табыс етілді. Жаңа буынның менеджерлері кадр мәселесін шешуге өз үлесін қосады. Сонымен қатар жаңа мектептерді, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерді де басқарады деп күтілуде.
Өткен жылы кадрлық резервке Абай облысының 15 педагогі енген еді.