Ғани Бейсембаев республикалық кадрлық резерв үміткерлеріне сертификат табыстады
Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап президенттік Жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша білім берудегі өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау жөніндегі жобаны іске асыруда. Бүгін Астанада «Білім берудегі жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында іріктеуден сәтті өткен үміткерлерге сертификат тапсыру рәсімі өтті.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кадрлық резервке өткен үміткерлерге арнаған сөзінде отандық білім сапасын арттыру және педагог кадрларды кәсіби даярлау жөніндегі негізгі бағыттарға назар аударды.
«Өткен жылдың басында Оқу-ағарту министрлігі еліміздегі білім сапасын одан әрі арттыру үшін 5 негізгі бағытты айқындады. Олардың ішінде менеджментті нығайту және кадрлық резервті қалыптастыру да бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз «1000 өзгерістер көшбасшысы» жобасын іске қостық. Бұл - отандық білім жүйесін дамытудың жаңа кезеңі. Сегіз айдың ішінде сіздер іріктеуден өтіп, жеке, кәсіби, басқарушылық, аналитикалық дағдылар мен құзыреттеріңізді дамыттыңыздар. Енді Сіздер нағыз көшбасшылар ретінде еліміздегі білім беру жүйесінің сапасын арттыруға өз үлесіңізді қосуларыңыз керек. Ең бастысы - балаларымыз бен педагогтерімізге жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру», - деді Ғани Бейсембаев.
Жобаның бастапқы кезеңінде барлығы 8068 өтінім берілді. Үміткерлер құзыреттілікті бағалау, үш деңгейлі оқыту, еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтті.
Барлық бес кезеңнің қорытындысы бойынша Республикалық кадр резервіне 208 кандидат кірді. Олардың арасында Астана қаласындағы А. Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицей директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қайрат Мұқашев та бар.
«Жобаға қатысу - менің басқару тәсілімді түбегейлі өзгертті. Мен балаларымызға қолайлы жағдай жасау және ұжыммен бірге қай бағытта дамитынымыз туралы ойлана бастадым. Ең бастысы, менің ойымша, бұл жоба әріптестерімнің болашаққа және өз күштеріне деген сенімін арттырды», - деп атап өтті үміткер.
Резервке алынған жаңа буын менеджерлері еліміздегі кадр тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етеді. Сондай-ақ, жаңа мектептерді, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынып жатқан мектептерді басқаруға жіберіледі. Үміткерлерді іріктеу және біліктілігін арттыру бойынша іс-шараларды НЗМ ББҰ «Педагогикалық шеберлік орталығы» өткізді.