Мәжілісте энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту мәселелері қаралды
Мәжілісте «Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға Палатаның вице-спикері Альберт Рау қатысып, Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин жетекшілік етті.
Комитет төрағасы еліміздің электр станцияларының үштен бірі 70-тен 90 пайызға дейін тозғанын, алты аймақтың электржүйелік компанияларының тозуы критикалық жағдайда тұрғанын атап өтті.
– Тіпті, кейбір тараптық электр жүйелерінің жабдықтары 100 пайызға дейін тозған. Павлодар (80 пайыз), Қарағанды, Абай (66 пайыз), Маңғыстау облысында (63 пайыз) жылу магистралді жүйелер, құбырлар тозған. Мемлекет бұл мәселелерді жүйелі түрде шешуі қажет. Себебі энергетикалық инфрақұрылымды модернизациялау елімізді тұрақты және қауіпсіз электр энергетикасымен және жылумен қамтуға тиіс, – деді Е.Жаңбыршин.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов 2035 жылға дейін қабылданған энергетикалық балансқа сәйкес, дамып келе жатқан экономика мен халық санының артуы аясында электр қуатына деген қажеттілік тек артатынын атап өтті.
– Республика бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 467,4 мың шақырымды құрайды. Орта есеппен алғанда электр желілерінің 72 пайызы тозған. Бүгінде электр беру кезіндегі энергияның орташа шығын деңгейі 11,2 пайыз. Электр станцияларында кестеге сәйкес 8 энергоблок, 53 қазандық, 38 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды. 2 энергоблок, 2 қазандық және 7 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді вице-министр.
Сұңғат Есімхановтың айтуынша, жалақының артуына, жанармай алуға кеткен шығындарға және жөндеу жұмыстарын қаржыландырудың артуына байланысты тарифтер орташа есеппен 20 пайызға өскен. Жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдарда негізгі жабдықтар жаңғыртылып, кеңейту және реконструкциялау жөніндегі жобалар пулы ұлғайтылған.
Сондай-ақ вице-министр жылумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуды қаржыландырудың жеткіліксіздігі өзекті болып отырғанын айтты. Осыған байланысты жылу желілері бойынша өкілеттіктерді беру, мемлекеттік бақылауды күшейту және құқықтық база нормаларын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 542 шақырым жылу желілері жөнделген.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков 2023 жылы республикалық бюджет есебінен 117 млрд теңгеге 132 шақырым жылу желілері жаңғыртылғанын айтты. 2024 жылы 163 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға 97,5 млрд теңге көзделген.
Бұдан соң жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері сөз алды. Баяндамаларды тыңдаған соң депутаттар жауапты мемлекеттік орган өкілдеріне нақтылау сұрақтарын қойды. Отырыста инженерлік желілер мен электрмен және жылумен жабдықтау инфрақұрылымын жаңғырту, осы саладағы басым бағыттарды қаржыландыру, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымды тұрақты дамыту және халыққа неғұрлым сапалы қызмет көрсету үшін жағдай жасау жөніндегі өзге де шаралар талқыланды.
Жиын соңында комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин талқылау барысында айтылған ұсыныстар жинақталып, Үкіметке жолданатынын атап өтті.