Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
508.05 534.82 5.06

Қазақстандық жаңа маркетплейс іске қосылды: Отандық маркетплейстің алғашқы жетістіктері

29-11-2024, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

Қарағандыда қазақстандық жаңа Teez маркетплейсі өз жұмысын бастады. Оның негізгі артықшылығы - тапсырыстарды бір күн ішінде жеткізу. Тапсырыс беру пункттері елдің 24 өңірінде ашылды.

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шақкалиев Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бүлекпаевпен бірге электронды сауда алаңының бірлескен қоймасын аралап көрді. Оларға барлық логистика жолдары көрсетіліп, іске қосу нәтижелері мен отандық маркетплейстің алдағы жоспарлары туралы баяндалды.

Teez маркетплейсінің қалаушыларының бірі Линар Хуснуллин қазіргі уақытта маркетплейстің 40 тапсырыс пункті бар, алдағы уақытта жоспар бойынша олардың саны 127-ге жететінін атап өтті. Қазірдің өзінде 540 сатушы тіркелген және өнім ассортиментінің саны 50 мыңнан асады. Сондай-ақ, компания электрондық қосымша жасап, оны қысқа мерзімде жүктеген адамдардың саны 170 мыңнан асатынын жеткізді.

Маркетплейстің қоймалары төрт корпуста орналасқан, жалпы алаңы 25 мың шаршы метр. Ал 2030 жылға дейін сақтау қоймаларын 120 мың шаршы метрге дейін кеңейтуді жоспарлауда. Қарағандыда құрылыс үшін жер учаскесі де табылды. Алдағы уақытта компания интернет-сауданың көшбасшыларының біріне айналуға бел буып отыр.

Арман Шақкалиев бүгінде электронды сауданың қарқынды дамып келе жатқанын және ол әлемдік экономикалық өсімнің маңызды драйфері болғанын атап өтті.

Соңғы жылдары электронды сауданың көлемі күрт өсті. Қазақстандық электронды сауда экожүйесін дамыту мақсатында көлік-логистикалық инфрақұрылымды жақсарту, қағазсыз сауданы енгізу және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Тек 10 айдың қорытындысы бойынша сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артты. Бұл көрсеткіш 3 трлн теңгеден асады. Мұндай жобалар экономикаға оң әсер етіп, тұтынушылар үшін тауарларға қолжетімділікті кеңейтеді, - деді Арман Шақкалиев.

Сапар барысында Арман Шақкалиев Осакаров ауданының кәсіпкерлерімен және тұрғындарымен кездесті. Іс-шарада Сауда және интеграция министрлігінің негізгі жетістіктері және сауда секторын әрі қарай дамыту жоспарлары талқыланды.

Басты назар - еліміздегі сауда нарығын жаңғыртуға қойылды. Сауда және интеграция министрлігі сауда нарығын жаңғырту және цифрландыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде. Жол картасы аясында Қарағанды облысының бес сауда базарының жаңғыртуы жоспарланған, бұл процесс 2025 жылы аяқталады. Олардың ішінде «Шығыс», «Алтын арба», «Тұлпар», «Қайрат» және «Горняк» базарлары бар.

Министр ішкі сауда саласында мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ету бойынша құзыретке ие болғанын алғанын баса айтты. Қолдау сатып алушылар мен бизнестің сұраныстарына сай инфрақұрылым құруға мүмкіндік беретінін айтты. Қазіргі уақытта Қарағанды облысы бойынша Даму қоры 7 миллиард теңге көлемінде 19 жобаны қаржыландыруға арналған пул құрған.

Министр сондай-ақ ауылдық дүкен мен ірі қалалық супермаркетке барып, сөрелерде отандық тауарлардың орналасуын көрді. Ол жұмыртқа сатылатын бөлімге де кіріп, өндірушінің бағасымен ұсынылған – 470 теңгеге саудаланып тұрған С1 санатындағы жұмыртқалардың бар екенін көрді.

Арман Шақкалиев сондай-ақ «Қарағанды Нан» корпорациясының жұмысымен танысты. Бұл компания нан, макарон, жұмыртқа және басқа өнімдерді шығарады, сондай-ақ тек Қарағанды облысын ғана емес еліміздің өңірлерін қоса алғанда, жақын шетелдерге де өнім экспорттайды. Макарон өнімдері Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қытай, Қырғызстан және басқа елдерге айына 400-600 тонна көлемінде экспортталады. Сонымен қатар кондитерлік өнімдер, ұн, жұмыртқа, жұмыртқа ұнтағы мен жарма сыртқа шығып жатыр. Қазіргі уақытта компания Қытай нарығына шығуды жоспарлап отыр, мақсат - тұрақты және ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол жеткізу. Арман Шақкалиев желтоқсан айында Үрімшіде Қазақстан үлкен павильон ашылатынын және ол жерде корпорацияның өнімдерін орналастыруды ұсынды.

Global City сауда орталығында министрге жол жүру жолдары мен кедендік бақылау аймағы да бар ірі көтерме саудагерлерге арналған тауарларды сақтауға арналған қойма кешені көрсетілді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша министр, Қарағанды облысының географиялық орналасуы мен инфрақұрылымының тиімділігін ескере отырып, облыс Қазақстанның негізгі сауда-логистикалық орталығына ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағы үшін маңызды хабқа айналуға әлеуеті бар екенін атап өтті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив