Шетел азаматының қатысуымен некені тіркеу: не білу керек?
Абай облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы хабарлайды, 2024 жылдың басынан бері өңірде шетел азаматтарымен 51 неке тіркелген. Шетелдік серіктестердің географиясы жақын және алыс шетелдерді қамтиды. Әсіресе, Ресей, Түркия және Өзбекстан азаматтарымен некеге тұру жиі кездеседі. Айта кету керек, көп жұптар салтанатты рәсімсіз, қарапайым түрде АХАЖ-да некені тіркеуді жөн көреді.
Көбінесе Абай облысы бойынша мемлекеттік корпорация филиалына шетелдік азаматпен некені қалай тіркеуге болатыны және қандай құжаттарды дайындау қажет екені туралы сұрақтар түсіп жатады. Осыған байланысты, негізгі қадамдар мен талаптарды түсіндіреміз.
Шетелдік азаматпен некеге отыру үшін ең алдымен некеге тұру туралы өтініш беріп, келесі құжаттарды ұсыну қажет:
• Некеге тұратын екі тараптың жеке басын куәландыратын құжаттары;
• Шетелдік азаматтың өз елінен алған некеге қабілеттілік туралы анықтамасы;
• Бұрынғы некені бұзу туралы құжаттар (егер болса).
Маңыздысы, некеге қабілеттілік туралы анықтамалар шыққан елінде апостильмен расталуы, қазақ немесе орыс тіліне аударылып, нотариалды түрде куәландырылуы тиіс. Қазақстанда неке өтініш берген күннен бастап 15 күнтізбелік күн өткеннен кейін тіркеледі.
Еске саламыз, Семей қаласындағы АХАЖ бөлімі Найманбаев көшесі, 139 мекенжайында орналасқан. Жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма күндері, сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін, түскі үзіліссіз.