Семейде Е. Рахмадиев атындағы композиторлар байқауы басталды
Семейде қазақ ән өнерін жаңа деңгейге көтеріп, симфониялық күй жанрының қалыптасуына ерекше үлес қосқан біртуар талант Еркеғали Рахмадиев атындағы ІІ республикалық композиторлар байқауы басталды. Ә. Қашаубаев атындағы облыстық филармонияда шымылдығы түрілген өнер байқауында ән әлеміне өз ізденісімен қадам басқан 13 жас композиторлар музыкалық шығармаларын қазылар алқасына іріктеу кезеңіне ұсынып отыр.
Абай облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының, осы басқармаға қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде жүзеге асқан мәдени шара екі күнді еншілейді.
Байқау басталар алдында БАҚ өкілдерімен арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында сөз алған Абай облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Толқын Берікбекқызы Е. Рахмадиев атындағы композиторлар байқауының тұңғыш рет Семейде 2022 жылы өткізілгенін атап өте келе оның келешекте дәстүрге айналдыру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Баспасөз мәлихатында Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, қазылар алқасының төрағасы Серікжан Құттымбекұлы осындай мәдени мәні зор байқауды ұйымдастыруға кеңінен көңіл бөлген облыс басшылығына алғысын білдірді. Композитор, қазылар алқасының мүшесі Қадыр Досымжанов, Қазақ ұлттық өнер университетінің мектеп және колледж директоры, Е. Рахмадиев атындағы қордың басшысы Айсұлу Тани Айсұлу Бақытқызы, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Мәулет Рахимбаев, А. Жұбанов атындағы Ақтөбе облыстық музыкалық колледжінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Исмағұлов КСРО Халық әртісі, Еңбек ері, композитор Еркеғали Рахмадиевтің қазақ өнеріндегі тұлғалық қасиетін, ән туындыларының ерекшелігіне тоқталып, өздері куә болған естеліктерін әңгімелеп берді. Қосымша айта кеткен жөн Еркеғали Рахмадиев Қазақстанның тұңғыш Мәдениет министрі атқарған мемлекет қайраткері.
Е. Рахмадиев атындағы республикалық композиторлар байқауының қорытындысы ертең 5 желтоқсанда Абай атындағы театрда көпшілік алдында жарияланады. Өнер байқауында Астана қаласынан, Абай, Жетісу, Қарағанды, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарынан келген жас композиторлар бақ сынайды.