Қазақстандағы бұлтты сервистерді пайдалануды реттеу мәселелері талқыланды
2024 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасында бұлтты сервистерді (Cloud Policy) пайдалануды реттеу мәселелері бойынша воркшоп өтті. Air Astana, Google, FIBO Cloud, Microsoft, EPAM, EY және KPMG сияқты халықаралық компаниялардың сарапшылары бұлтты технологиялар саласындағы реттеуші шектеулерді, сондай-ақ деректерді және бұлтты сервистерді реттеу мәселелерін талқылады.
Қатысушылар инновацияларды енгізуге ықпал ететін теңдестірілген нормативтік ортаны қалыптастыру үшін жеке және мемлекеттік сектор арасындағы диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев бұлтты технологияларды дамыту мен деректер қауіпсіздігі арасындағы теңгерімді сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
«Үкімет ЖИ-ді дамытуға қолайлы заңнамалық жағдайларды, деректерді өңдеу орталықтарын және жекелеген салаларды цифрландыруды заңнамалық реттеуді енгізуде. Цифрлық трансформацияны сәтті жүзеге асыру үшін барлық мүдделі тараптардың үйлестірілген жұмысы қажет. Үкімет, бизнес, ғылыми қауымдастық және азаматтар ортақ мақсатқа жету үшін күш біріктіруі маңызды», — деп атап өтті министр.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмысы аясында KPMG компаниясы Минцифрмен бірлесіп өзекті цифрлық бастамаларды белсенді түрде ілгерілетуде.
«Бұлтты технологиялар — бұл тек құрал ғана емес, бизнес пен қоғамды тиімдірек ететін өзгерістердің катализаторы. Оларды дұрыс енгізу қазіргі шектеулерді жеңуге ғана емес, Қазақстанды технологиялық дамудың жаңа деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті KPMG Кавказ және Орталық Азиядағы басқарушы серіктесі және бас директоры Сәкен Жұмашев.
Шетелдік инвесторлар кеңесінің цифрландыру жөніндегі жұмыс тобының аясында және Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Министрлік Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін, «Батыс-Шығыс» ұлттық гипермегатрассасын салу және халықаралық трафикті транзиттеу мен сақтауға арналған TIER-III деңгейінен төмен емес деректерді өңдеу орталығын құру бойынша жобаны іске асыруда. Бұл жоба Еуропа мен Шығыс Азияның өзара байланысын Қазақстан Республикасы аумағы арқылы жер үсті бағытымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін инфрақұрылымды құруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, BigTech компанияларының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасайтын, бұлтты технологияларға басымдық беруді (Cloud First Policy), үшінші тарап контенті үшін жеткізушілердің жауапкершілігінен босатуды және басқа да шараларды қарастыратын заң қабылданды.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастырып, келесі кездесуді Digital Almaty технологиялық форумы аясында кеңейтілген форматта өткізуге келісті.