Премьер-Министр CodiPlay жобасын қазақстандық мектептерде енгізуді тапсырды
Білім беру саласындағы инновациялық шешімдерге маманданған Astana Hub резиденті – CodiPlay стартабы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов тарапынан жоғары бағаланды. Ол Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, CodiPlay жобасының шешімдерін қазақстандық мектептерге енгізуді тапсырды. Бұған дейін Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы және Түркия сияқты елдердің оқу орындарында іске асырылған жоба енді қазақстандық оқушылардың цифрлық дағдыларын дамытуға үлес қосады.
Премьер-Министр Назарбаев Университеті жанындағы технопаркті аралау барысында ғылыми жобалар жетекшілерінің әзірлемелерді коммерцияландыру және ілгерілету саласындағы жетістіктерімен танысты. CodiPlay жобасы TRL (технологиялық дайындық деңгейі) шкаласы бойынша ең жоғары баға алды.
Олжас Бектенов ел экономикасы мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған инновациялық жобаларға Үкімет тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті. Аталған стартапқа Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарапынан Astana Hub резиденті мәртебесі аясында жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді, сондай-ақ Seed Money бағдарламасы аясында қаржыландыру берілді.
CodiPlay әлемнің 10 еліндегі 450-ден астам оқу орнын қамтиды, олардың қатарында Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Түркия және Әзербайжан бар. 2024 жылдың соңына дейін Түркістан облысындағы 10 білім беру ұйымы CodiPlay экожүйесіне қосылса, 2025 жылы тағы 60 мектеп, оның ішінде Ақтөбе және Қарағанды облыстары қамтылады.
«CodiPlay жобасына жоғары баға берілгені үшін алғысымыз шексіз. Жобаның қазақстандық мектептерде іске асырылуы білім сапасын айтарлықтай арттырып, оқушыларымызды цифрлық әлемнің сын-қатерлеріне дайындайды», – деді CodiPlay жобасының жетекшісі Жанәділ Талдыбаев. «Мақсатымыз – балаларға тек білім беріп қана қоймай, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуға көмектесетін дағдыларды да үйрету».
Жоба Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының мақұлдауын алды, ал компанияның Coditeach атты өнімі UNICEF тарапынан цифрлық қоғамдық игілік (Digital Public Good) ретінде танылып, халықаралық нарыққа шығу мүмкіндіктерін кеңейтті.
Қазақстан мектептерінде CodiPlay-ды іске асыру – білім беру саласындағы маңызды қадам. Бұл оқушыларға білімді ғана емес, оны тәжірибеде қолдану мүмкіндігін де береді. Осындай бағдарламаларды енгізу елде бәсекеге қабілетті білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жоба туралы
CodiPlay – 2021 жылы құрылған білім беру технологиялары (EdTech) саласындағы қазақстандық стартап. Жоба жас ұрпақты цифрлық сауаттылыққа үйретудің ерекше әрі инновациялық шешімін ұсынады. CodiPlay жобасының құны 100 миллион долларға бағаланған, бұл – Қазақстанның білім беру компаниялары үшін рекордтық көрсеткіш.