Alatau Hub: Алматы облысында IT-индустрияны дамытудың жаңа кезеңі
Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Алматы облысының әкімшілік орталығы – Қонаев қаласында Alatau Hub өңірлік инновациялық орталығы ресми түрде іске қосылды. Хабтың ашылуы аясында еліміздің ірі IT-компаниялары көрмесі ұйымдастырылды.
Бүгінде Alatau Hub – Astana Hub басқаруымен іске қосылған 14-өңірлік хаб. Жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірін қамту көзделіп отыр. Әр аймақтық IT-хабта өңірлік қауымдастық менеджерлері барша ниет білдірушіге өз дағдыларын шыңдауға көмектеседі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңызын атап, Astana Hub тәжірибесін кеңінен масштабтау міндетін қойды.
Alatau Hub еліміздегі өзге де өңірлік инновациялық орталықтар сияқты Astana Hub-тың білім беру және инкубациялық бағдарламаларын таратады. Орталық митаптар, Pizza Pitch, воркшоптар, Speaker Talks, Idea Battle мен басқа да түрлі іс-шараларды өткізуге арналған басты алаңға айналады. Бұл бастамалар өңірде IT-қауымдастықтың қалыптасуы мен дамуына, өзара білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етеді.
Бүгінде ҚР ЦДИАӨМ бастамасымен және Astana Hub, әкімдіктер мен жеке серіктестердің қолдауымен еліміздің 14 өңірінде IT-хабтар табысты жұмыс істеп тұр: Abai IT Valley, Kyzylorda Hub, Digital Jetisu, Zhambyl Hub, Oskemen IT Hub, Jaiq Hub, Turkistan IT Hub, Qostanai IT Hub, Aqtobe IT Hub, Aqmola IT Hub, Pavlodar IT Hub, Terrikon Valley, Mangystau Hub. Сондай-ақ 2024 жылы Alatau Hub-тан басқа Атырау, Шымкент, Жезқазған, Петропавл және Жаңаөзен қалаларында IT-хабтар ашу жоспарланып отыр.