Мәжілісмендер Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын өндіру мүмкіндіктерін талқылады
Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен депутаттар ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші компаниялардың өкілдерімен кездесті.
Іс-шараға Мәжіліс вице-спикері Альберт Рау да қатысты. Тараптар Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасының құрастыру өндірісін жүзеге асыру жобаларын және осы мақсатта тиісті заңнамалық базаны әзірлеу қажеттілігін талқылады.
Комитет төрағасы Серік Егізбаев биылғы жылдың 31 қазанында «Eurasia Group» компаниясы, «John Deer» және «Бәйтерек» холдингі арасында технологияларды дамытуға, білім алмасуға және Қазақстанда тұрақты дамуға жәрдемдесуге бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын айтты. Сонымен қатар ол елімізде «John Deer» компаниясының ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру өндірісін ұйымдастыру мүмкіндігін бағалауды да қамтитынын атап өтті.
Өз кезегінде «John Deer»-дің ТМД және Орталық Азия елдеріндегі ауыл шаруашылығы саласының президенті Чаба Лейко Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін жоғары бағалады. Ол жоба Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникасы паркін жедел жаңартуға ықпал ететінін мәлімдеді.
«Eurasia Group» компаниясы 20 жылдан астам уақыт бойы Қазақстандағы «John Deer» ауыл шаруашылығы техникасының ұлттық дилері. Осы уақыт ішінде компания қазақстандық фермерлерді қолдау мақсатымен ел бойынша 14 өкілдік ашып, 80 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салып, 600-ден астам жұмыс орнын құрды.