Депутаттар қант диабетін диагностикалау және емдеу мәселелерін талқылады
Мәжілісте депутат Гүлдара Нұрымованың жетекшілігімен қант диабетімен ауыратын науқастарды қолдауға арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған депутаттармен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің және қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты. Талқылауға қант диабетін диагностикалау мен емдеудің проблемалық мәселелері, сондай-ақ оларды шешу жолдары ұсынылды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қант диабетімен ауыратын науқастардың саны 570 мыңнан асқан, олардың жартысынан көбі әйелдер. Жастарына байланысты қарастырғанда ең көп үлес (56 %) 60 және одан жоғары жастағы тұрғындарға тиесілі болған, 18 жастан 60 жасқа дейінгі пациенттер 42 пайызды құрайды, қалғандары 17 жасқа дейінгі балалар.
Денсаулық сақтау министрлігінің бас эндокринологы Лаура Даньярова предиабеттің таралу мәселесіне баса назар аударды. Шамамен еліміздің ересек тұрғындарының 38 пайызы осы науқасқа шалдыққан, бұл 4,6 млн адам. Сонымен қатар қант диабетімен ауыратындардың, атап айтқанда, 2 типті науқастардың арасында асқынулардың көбеюі байқалады.
Отырыс барысында мамандар заманауи инновациялық терапевтік тәсілдер мен дәрілік құралдарды қоса алғанда, емдеудің заманауи ықтимал тәсілдерін ұсынды. Сондай-ақ қазіргі қордаланып тұрған мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. «С.Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Әділет Табаров дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді оңтайландыруды, оның ішінде диабетке шалдыққан науқастарда қант диабетінің алдын алу үшін амбулаториялық деңгейге қосымша бюджеттік қаражат бөлуді, емдеу нәтижелерін бақылау және бағалауды енгізуді ұсынды.
«Қазақстан бариатриялық және метаболикалық хирургтар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Орал Оспанов және «Диабеттік ата-аналар комитеті» қоғамдық қорының басшысы Руслан Зәкиев те өз ойларымен бөлісті.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, Гүлдара Нұрымова медициналық қызметтерге қолжетімділікті жақсарту, медицина мамандарын оқыту, ерте скрининг жүйесін дамыту, сондай-ақ жаңа технологиялар мен емдеу әдістерін енгізу сияқты кешенді шараларды қолдану арқылы қант диабетімен ауыратын науқастардың өмір сүру сапасын айтарлықтай арттыруға және асқынулар санын азайтуға болатынын атап өтті.