Антикорда Білім және ғылым саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою талқыланды
Мемлекет басшысы тарапынан білім мен ғылымды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
2024 жылғы 6 желтоқсанда Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Білім және ғылым саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өткізді.
Оған Президенттің кеңесшісі К.Д. Закария, білім, Ғылым және жоғары білім, Қаржы министрлері Г.Б. Бейсембаев, С. Нұрбек, М.Т. Такиев, Агенттіктің Қоғамдық кеңесінің мүшелері, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кеңеске бейнеконференция байланысы арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық бөлімшелері, облыстар әкімдерінің орынбасарлары, ЖОО ректорлары, әкімдіктер бөлімшелерінің 10 мыңнан астам лауазымды тұлғалары, мектеп директорлары, бухгалтерлер және бүкіл ел бойынша білім беру саласының басқа да қызметкерлері қосылды.
Тек соңғы үш жылда бұл салаларға 12,3 трлн теңгеден астам қаражат бөлінді. Алайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген сыртқы талдау көрсеткендей, бөлінген қаражат әрқашан мақсатына сай пайдаланылмайды.
Бюджетті жоспарлау және игеру кезеңдерінде педагогтердің еңбегіне ақы төлеу қорынан қаражат жымқырудың жүйелі фактілері ашылды.
2023 жылдан бастап 302 қылмыстық іс тіркелді, олар бойынша залал 17 млрд теңгеден асты. Қазірдің өзінде 230 адам сотталды, 100-ден астам іс сотта қаралуда.
2 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.
Бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процестерін автоматтандырудың, бұзушылықтарды бақылау және алдын алу тетіктерінің, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің бытыраңқылығының болмауына байланысты көптеген фактілер мүмкін болды.
Бұл төлем құжаттарын бұрмалауға, «өлі жандарға» төлем жасауға, жалақы мен үстемеақыларды көтеруге мүмкіндік берді.
Агенттік енгізген ұсынымдар бойынша бүгінде осындай фактілерді болдырмауға бағытталған шаралар қабылдануда.
Антикордың бастамасы бойынша бухгалтерлік жүйелер, тәуекелдерді басқару жүйелері, бухгалтерлік есепті жүргізу, бюджет қаражатын жоспарлау және өтінімдерді қалыптастыру бойынша бұлтты цифрлық шешімдер, қазынашылық органдарында салыстыру және негізсіз төлемдерді бұғаттау үшін бірыңғай техникалық талаптар енгізіледі.
Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап Қаржы министрлігінің Ішкі аудит комитеті және оның аумақтық бөлімшелері «Онлайн бюджеттік мониторинг» бағдарламасының көмегімен сомаларды асыра бағалаумен, дербес және банктік деректердің бұрмалануымен байланысты барлық күдікті төлемдерді тексереді.
Сондай-ақ, Қаржы министрлігі бухгалтерияны орталықтандыруға және білім беру жүйесіндегі жымқыру фактілерін болдырмауға мүмкіндік беретін «бухгалтерлік операциялардың бірыңғай деректер қоймасы» және «бұлтты бухгалтерлік есеп» жобаларын таныстырды.
Олар анықталған жемқорлық тәуекелдері, кейстер мен қылмыстық істер материалдары негізінде Агенттіктің ұсынысы бойынша әзірленді.
Қазіргі уақытта осы жүйелерді басқа салаларда енгізу және іске асыру мәселесі пысықталуда.
Мұның бәрі ерте кезеңдерде мүмкін болатын манипуляциялардың алдын алуға және бюджет қаражатын жымқыруды болдырмауға мүмкіндік береді.
Бюджеттік процестерді одан әрі автоматтандыру, деректер базасын интеграциялау және төлем құжаттарына қол қою кезінде биометрияны енгізу жөніндегі жұмыс келесі жылы жалғастырылатын болады.
Агенттік Төрағасы А. Жұмағали білім беру ұйымдары қызметкерлерінің назарын аталған шараларға және бюджеттік процестерге бақылауды күшейтуге аударды, бұл бюджет қаражатын заңсыз алу әрекеттерін бақылауға және жолын кесуге мүмкіндік береді.
Талқылаудың тағы бір маңызды тақырыбы ғылымды қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою мәселелері болды.
Миллиардтаған долларлық инвестицияға қарамастан, ғылыми жобалардың 70%-дан астамы практикалық пайда әкелмей, мақалалар мен кітаптар шығарумен аяқталады.
Жобаларды іріктеу процесі ашық емес, олардың сараптамасы формальді түрде жүргізіледі, нақты нәтижелер үшін жауапкершілік жоқ.
2016 жылдан бастап мемлекет ғылыми жобаларды коммерцияландыруға шамамен 32 млрд теңге жұмсады, олардың едәуір бөлігі мәлімделген мақсаттарға қол жеткізе алмады.
Нақты ғылыми жұмыстың орнына қаражат зерттеулерге байланысты емес шығындарға кетеді, жоба бюджеттері негізсіз көтеріледі.
Ғылыми тағылымдамаларға гранттар беру мәселелерінде де елеулі жемқорлық тәуекелдері анықталды.
Бұл жағдайдың себептері ғылымдағы дұрыс емес басымдықтар, жобаларды таңдау және олардың нәтижелері үшін жауапкершіліктің болмауы, цифрландырудың әлсіздігі және шығындардың ашық еместігі болды.
Барлық анықталған тәуекелдер бойынша Агенттік Ғылым және жоғары білім министрлігінің атына тиісті ұсынымдар енгізді, олардың орындалуы Президент Әкімшілігінің бақылауында.
Президенттің Ғылым жөніндегі кеңесшісі К.Д. Закария Мемлекет басшысының сапалы білім беруді, ғылыми қызметті қамтамасыз ету және жемқорлық көріністеріне жол бермеу жөніндегі барлық тапсырмаларын тиісінше және уақтылы орындау қажеттігін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты министрліктерге аталған бағыттардағы жұмысты жандандыру мен жемқорлықты азайтуға және бюджет қаражатын тиімді жұмсауға бағытталған тиісті шараларды қабылдау ұсынылды.