Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу: әділеттілік пен қоғамның өркендеу жолы
Сыбайлас жемқорлық - қоғамның тұрақты дамуына қауіп төндіретін ең өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Бұл демократия негіздерін бұзып қана қоймай, азаматтардың мемлекетке сенімін төмендетеді. Экономикалық дамуды тежеп, әлеуметтік теңсіздікті арттырады. Сыбайлас жемқорлыққа тиімді қарсы тұру жүйелі көзқарасты, қоғамның барлық салаларының күш-жігерін біріктіруді және кешенді алдын алу шараларын енгізуді талап етеді.
Абай облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жобалар мен бағдарламалар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Болашақтың іргетасы саналатын жастармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінуде. «Саналы ұрпақ» форумы аясында өскелең ұрпақты сыбайлас жемқорлықтан саналы түрде бас тартуға тәрбиелеу мақсатында оқыту бағдарламалары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер, студенттер мен бизнес өкілдері арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Заманауи технологиялар сыбайлас жемқорлықпен күресте маңызды құралға айналды. Мысалы, Қазақстанда ашықтықты қамтамасыз ететін және мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу қажеттілігін жоққа шығаратын e-Otinish сияқты цифрлық платформалар белсенді түрде енгізілуде. Бұл бастамалар ашық диалог пен ақпараттың қолжетімділігі арқылы билік пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған «Еститін мемлекет» саясатын жүзеге асыру арқылы қолдау тапты.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда қоғамдық ұйымдар мен ведомствоаралық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Облыста мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес сектордың, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық кеңестің өкілдерінен тұратын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Бұл тәсіл мәселелерді жан-жақты қарастыруды және өзектілерін шешуге азаматтық қоғамды тартуды қамтамасыз етеді.
Жергілікті жерлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, 2024 жылдың қыркүйегінде Курчатов қаласында, сондай-ақ Бесқарағай, Аягөз және Үржар аудандарында мобильді топ мүшелерінің халықпен кездесулері өтті. Топ құрамына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің, облыстық кәсіпкерлер палатасының, полиция, Білім және Денсаулық сақтау басқармаларының, сондай-ақ бизнес өкілдері кірді. Іс-шара барысында азаматтар кеңес алып, сұрақтарын тікелей қоюға мүмкіндік алды.
2024 жылдың 18 қазанында Абай облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Тәуелсіз зерттеулер орталығы» ҚБ ұйымдастыруымен студенттер арасында интеллектуалды ойын өткізілді. Форумға еліміздің 9 жоғары оқу орнынан командалар қатысты. Қатысушылар Семей қаласынан «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешеніне дейін білім беру бағытымен жүріп, Абай шығармашылығының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық негіздеріне қатысты құрылған тапсырмаларды орындады. Ойын студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырып, оны өткізуді дәстүрге айналдыру ұсынылды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекетке деген сенімді нығайтуға, адалдық пен әділеттілікті басты әлеуметтік құндылықтар ретінде тәрбиелеуге бағытталған жүйелі жұмыс. Бірлескен күш-жігер арқылы ғана сыбайлас жемқорлықтан таза, ашық, әділ және тұрақты қоғам құруға болады.
Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі