«Отбасы банк» қарыздарының 40%-ы «Наурыз» және «Отау» бағдарламаларына тиесілі
Үкімет отырысында «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова 2024 жылдың 11 айында қаржы институты 32 895 қарыз бергенін баяндады.
Жалпы, берілген несие сомасы 571 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 7 861 қарыз тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтарға берілді. Банктің өз бағдарламалары бойынша – 25 034.
Қарыздардың 40%-ы «Наурыз» және «Отау» бағдарламаларына тиесілі, оның шеңберінде банк жалпы сомасы 240 млрд теңгеге 9 370 қарыз берді. Бағдарламаларды игеру маусым айында басталды, келесі жылдың басында жалғасады.
«Биыл екі мемлекеттік бағдарлама бойынша кезекте тұрғандарға баспана беру ісі жүргізілді. Яғни, бірінші бағдарлама – “Бақытты отбасы” баспақы жарнасы 10%-ды құрайды. Оған қатысушылар – ерекше қажеттілігі бала тәрбиелеп отырған азаматтар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар жандар, көп балалы отбасылар және жетім балалар. Республика бойынша 42 млрд теңгені құрайтын 3,5 мың қарыз берілді. Қалған 4,5 мың қарыз кезекте басқа санаттар бойынша тұрған азаматтарға екінші бағдарлама – “Шаңырақ” бойынша берілді», — деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.
2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Тұжырымдамаға қатысушыларға несие беру үшін бюджет қаражатының қалдығы 45 млрд теңгені құрайды. Қалған қаражат 2025 жылдың І тоқсанында игеріледі. Келесі жылға болжамды қажеттілік 80 млрд теңгені құрайды.
«Наурыз» және «Отау» екі ірі ипотекалық бағдарламаларды бір мезгілде іске қосумен байланысты «Отбасы банк» тұрғын үй нарығында бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында «Баспана маркет» жылжымайтын мүлік порталы арқылы қатысушылардың бастапқы тұрғын үйді таңдау және брондау тетігін енгізді. Осы тетікке сәйкес құрылыс салушы 12 ай ішінде тұрғын үй құнын көтермеуі тиіс. Қазіргі уақытта «Баспана маркет» порталында «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары бойынша 921 тұрғын үй объектісі, 18 940 пәтер жарияланған. Олардың ішінде үздік 5 құрылыс компаниясы бар.
«2024 жылы Банк “Наурыз” және “Отау” бағдарламаларына барлығы 68,7 мың өтініш қабылдады. Бұл сатып алу бойынша нақты сұраныс көлемі. Бағдарламаларды іске асыру барысында Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Павлодар және Атырау облыстарында алғашқы нарықтағы тұрғын үйдің тапшылығы байқалды, бұл жағдай 2025 жылы да қайталануы мүмкін. 2025 жылы “Наурыз” бағдарламасы бойынша шығарудың жоспарланған көлемі 300 млрд теңгені құрайды», — деді спикер.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, бағдарламаларды талдау екі өзекті мәселені көрсетті. Біріншіден, көптеген қарыз алушылар жөндеуге шығын шығармай тұрғын үйді дайын күйде сатып алуды жөн көреді. Сондықтан Банк құрылыс салушылар қауымдастығының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Олар пәтерді порталда дайын күйінде орналастырады, ал сатып алушылар оларды 10% бастапқы жарнамен сатып ала алады.
Екіншіден, бағдарламаға қатысу үшін депозитте 1 млн теңгенің болуы міндетті, ал конкурста жеңіске жеткен жағдайда қарыз алушы қысқа мерзімде 20%-ға толықтыруы тиіс. Бірақ, бағдарламалар бойынша клиенттердің төмен конверсиясы байқалуда. Банкте қарастырылған 2,5 мың өтініштің тек 39%-ында ғана бастапқы жарна 20%-ды құрады. Сондықтан бағдарламаға қатысуға өтінім беру үшін ең төменгі қажетті соманы 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін ұлғайту ұсынылады. Бұл бағдарламаларды іске асыруды жеделдетеді.
«Бағдарламаларды жалғастыру мақсатында 2025 жылы қосымша 200 млрд теңге облигацияларды шығарамыз. Банк облигацияларды 14-15%-дан нарықтың бағамы бойынша шығарады, 7%-ға дейін мемлекеттік субсидияланады. Купонның алғашқы төлемін 24 қаңтарда 8,18 млрд теңге көлемінде жүргізуді сұраймыз. 2025 жылы «Наурыз» бағдарламасын табысты жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы бөлу процесін тездетуді ұсынамыз. Аталған бағдарлама жас отбасылар арасында сұранысқа ие. Сондықтан бан жұмысты одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр», — деп түйіндеді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы.