Биылғы жылдың 11 айында теміржол көлігімен 236 млн тоннадан астам жүк тасымалданды
Ағымдағы жылдың қаңтар-қараша айларында ҚТЖ желісіне 236 млн тоннадан астам жүк тиелді.
Ел ішінде 154 миллион тоннадан астам жүк тасымалданды, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1% - ға көп. Экспортқа 82 млн тонна жүк жөнелтілді. Тасымалдаудың ірі номенклатурасы қатарына көмір жатады. Барлығы 92,6 млн тонна көмір тасымалданып, оның 65,5 млн тоннасы ел ішіндегі тұтынушыларға жіберілді. Экспортқа 27,1 млн тонна көмір жөнелтілді.
Астық тасымалы да айтарлықтай өсімді көрсетеді. Астық тиеу 9,2 млн тоннаны құрап, оның 7 млн тоннасы елімізден тыс жерлерге жөнелтілген.
Республика ішінде астық тасымалдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 11% - ға артып, 2,2 млн тоннаға жетті. Ұнтақты өнімдерді тасымалдау 3% - ға өсіп, 2,9 млн тоннаны құрады, экспорт 4% - ға, 2,2 млн тоннаға дейін өсті.
Сонымен қатар, басқа да маңызды жүктерді тасымалдаудың өсімі байқалады. Мұнай жүктерін тиеу көлемі 2,2% - ға ұлғайып, 17,6 млн тоннаны құраған. Қара металдар 4 миллион тонна көлемінде тасымалданып, 2023 жылмен салыстырғанда 2,5% - ға өскен. Түсті кен мен күкірт шикізатын тиеу де 8,5% - ға өсіп, 22,5 млн тоннаны құрады.