Мәжілісте еліміздегі серпінді өнеркәсіптік жобалардың іске асырылу барысы талқыланды
Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті еліміздегі ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға арналған тақырыптық отырыс өткізді. Жиынға комитет төрағасы Нұртай Сабильянов жетекшілік етті. Сондай-ақ Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау, депутаттар және салалық министрліктердің басшылары қатысты.
Отырысты ашқан Нұртай Сабильянов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы 17 серпінді өнеркәсіптік жобаны іске асыру тапсырмасын атап өтті. Ол бұл жобалардың жүзеге асырылуының қазіргі жағдайы мен перспективаларын отырыс барысында кеңінен талқылау қажеттігін айтты.
Іс-шара барысында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов 17 ірі жобаның негізгі бағыттарын таныстырды. Олардың қатарында металдарды терең өңдеу, мұнай, газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уран өнеркәсібі, авто компоненттер мен тыңайтқыштар өндіру, туризм және басқа да салалар бар екенін атап өтті.
– 17 ірі жобаның жалпы құны 14,3 трлн теңгеден асады. Бұл жобалар негізінен жеке инвестициялар мен қарыз қаражаты арқылы қаржыландырылады. Ал республикалық бюджеттен тек қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған шығындар қарастырылатын болады, – деді Бауыржан Құдайбергенов.
Вице-министрдің айтуынша, жобаларды іске асыру 2024 жылдан 2035 жылға дейін жоспарланған. Қазіргі уақытта 17 жобаның 14-і бойынша жұмыстар басталып, қалған 3 жоба бойынша бизнес-жоспарлар әзірленуде және стратегиялық серіктестер іздестірілуде.
Жиын барысында депутаттар да өз ұсыныстарын білдірді.
Депутат Мұқаш Ескендіровтың айтуынша, осы күнге дейін жобалардың көпшілігі тек қағаз жүзінде ғана бар.
– Техникалық құжаттары, қаржы көздері әлі анықталмаған. Экономика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, спорт және туризм министрліктері тиісті мониторинг жүргізіп, салынып жатқан аймақтарға зерделеу жасамаған. Сондықтан Президенттің тапсырмасын орындау үшін Комитет атынан ерекше бақылауға алып, Үкімет сағатын немесе жалпы отырыста қарауды ұсынамын, – деді депутат.
Ал, Темір Қырықбаев өңірлерде тері және жүн өңдейтін зауыттар салу мәселесін көтерді. Бұл бастама жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, сапалы отандық өнім өндірісін арттыруға ықпал ететіні айтылды. Сонымен қатар ол туризм саласын дамыту мақсатымен шипалы орындарда халыққа қолжетімді денсаулық сақтау нысандарын салу мәселесін ұсынды.
Депутат Мақсат Толықбай туризмді дамытуға арналған жобалар аясында ұлттық мәдениет пен дәстүрді насихаттайтын этноауыл салуды ұсынды. Бұл жоба ел тұрғындары мен шетелдік қонақтарға қазақтың бай мәдени мұрасын көрсетуге мүмкіндік бермек.
Депутаттар жобалар аясында ашылатын жұмыс орындары, сондай-ақ отандық шикізатты пайдалана отырып, жаңа өндіріс орындарын құру мәселелерін талқылады.
Қорытынды сөзінде Нұртай Сабильянов жобалардың сапасы мен тиімділігіне ерекше назар аударды.
– Біз 17 ірі жобаны талқыладық. Мәселелер бар. Әр жыл сайын бұл жобаларды қарап, нақты нәтижелерін алып отырамыз. Экономикаға пайда әкелмейтін, ішкі өнімді арттырмайтын немесе сұранысы жоқ жобаларды тізімнен алып тастаған дұрыс болады, – деді ол.
Депутаттар ұсынған ұсыныстар комитет тарапынан қаралып, тиісті шешімдер қабылданатын болады.