Жаслан Мәдиев Мемлекет басшысына жасанды интеллект жобаларын таныстырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Hub инновациялық экожүйесіне барды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жасанды интеллект негізіндегі жобаларды көрсетті.
Президент экономикада цифрландыруды жалғастырып, жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануды тапсырды. Кездесуде министр Жаслан Мадиев жасанды интеллект тұжырымдамасын жүзеге асыру кезеңдері туралы баяндады.
«Біздің алдымызда интеллектуалды, креативті және озық құралдармен жабдықталған технологиялық тұрғыдан дамыған қоғам құру міндеті тұр. Біз оны болашақ қоғамын қалыптастыруға бағытталған жаңа тұжырымдама ретінде «Generative Nation» деп атаймыз. Мұндай тәжірибе қазірдің өзінде басқа елдерде сәтті қолданылуда: мысалы, Сингапурда ақылды технологияларға бағытталған «Smart Nation» немесе Израильде инновациялық кәсіпкерлікке басымдық берілген «Startup Nation».» – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Министрдің айтуынша, GenNation.kz негізінде үш негізгі бағыт бар: институционалдық орта, инфрақұрылымды құру және адами капиталды дамыту.
Биыл мамыр айында Жасанды интеллект комитеті құрылды. Комитеттің жетекші құрамы Президенттік жастар кадрлық резервінің резервистерінен жасақталды. Шілде айында жасанды интеллектті дамытудың алдағы бес жылға арналған тұжырымдамасы қабылданды.
Бұл құжат негізгі сын-қатерлерді, оларды еңсеру стратегияларын, Қазақстанның аймақтық ерекшеліктері мен әлеуетін ескере отырып, қойылған мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған нақты шараларды қамтиды.
Сондай-ақ, институционалдық ортаны дамыту аясында «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленуде.
Инфрақұрылымды дамыту бөлігінде Президенттің тапсырмасы бойынша елде технологиялық инфрақұрылым белсенді түрде қолға алынуда. Бұдан бөлек, академиялық ұйымдардың бизнеспен әріптестігі арқылы министрліктің үйлестіруімен Қазақстандық суперкомпьютерлік кластер іске қосылды. Бұл кластер KazLLM дамыту және модель негізінде жасанды интеллект өнімдерін жасау үшін құрылған.
«ЦДИАӨМ мен ҒЖБМ қолдауымен Назарбаев Университетінің ISSAI зертханасы KazLLM моделін қазақ, ағылшын, орыс және түрік тілдерінде 148 миллиард токен негізінде оқытуды аяқтады. Бұл модель ғылыми қауымдастыққа, стартаптарға және ірі корпорацияларға қолжетімді болады. Мемлекет басшысының бастамасына сәйкес KazLLM тюрк тілдес кеңістікте табиғи тілді өңдеу технологияларын дамытуға бағытталған ірі жоба TurkLLM-нің негізіне айналады. Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде тиісті келісімге қол қойылды», – деп мәлімдеді министр.
Бұл жоба ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын құрудағы маңызды кезең және Қазақстанның аймақтағы технологиялық көшбасшы ретіндегі мәртебесін нығайтудың дәлелі болмақ.
Мемлекеттік қызметтерді трансформациялаудың басым бағыттарының бірі eGov жүйесінде жеке AI-көмекшілер құру болып табылады. Кәсіби тілде оларды AI-агенттер деп атайды. Мұндай AI-агенттер арқылы азаматтарға қайда жүгіну керектігін іздеудің немесе кезек күтудің қажеті болмайды. AI-агенттер азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер үшін пайдалы болады, ал күнделікті процестер автоматтандырылып, қызметкерлердің күш-жігерін стратегиялық маңызды міндеттерге бағыттауға мүмкіндік береді.
Мұның бәрі қорғалған контурда кез келген мемлекеттік орган үшін AI-шешімдерді тез жасауға арналған Ұлттық жасанды интеллект платформасын құруға негіз болды. Бұдан басқа, экономика салаларында жасанды интеллектті қолдану бойынша жобалар іске қосылды.
Бұл бағдарламалар мемлекеттік органдар мен жеке сектор кәсіпорындары үшін AI-шешімдерді қабылдау процесін жеңілдететін және жеделдететін бірыңғай әдіснаманы қалыптастырады және Generative Nation тұжырымдамасын дамытуға ықпал етеді.
AI-индустриясына тұрақты кадрлар ағынын қамтамасыз ету үшін министрлік AI-қозғалысты іске қосты. Оның аясында 5 жыл ішінде 1 миллион адамды оқыту жоспарлануда. Орта және жоғары сынып оқушылары үшін TUMO және Tomorrow School базасында ойын әдістерін қолдана отырып, бағдарламалау мен жасанды интеллектке бағытталған білім беру бағдарламаларын кеңейту ұсынылады.
Нәтижесінде жыл сайын 100 мың оқушы математика, бағдарламалау бойынша білімдерін жетілдіріп, креативті технологияларды үйреніп, сыни ойлау қабілеттерін дамыта алады.
Бұл Tomorrow School-да келесі кезеңде оқуға қажетті таланттардың сыни массасын құруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметшілердің деректерге негізделген шешімдер қабылдау құзыреттілігін арттыру үшін жасанды интеллект бойынша міндетті негізгі курсты енгізу ұсынылады. Корпоративтік сектор үшін жетекші IT жоғары оқу орындары базасында біліктілікті арттыру орталықтарын құру жоспарлануда. Бұл жобалар пилоттық режимде сәтті сыналған және 2025 жылдан бастап ел бойынша кең көлемде енгізу жоспарлануда.
Әр түрлі кезеңдегі AI-стартаптарды қолдау үшін Astana Hub инкубациялық және акселерациялық бағдарламалар, мысалы, AI’preneurs, Google компаниясының Silk Way акселераторы, Draper University-дің Hero Training және басқа да жобаларды жүзеге асыруда. Astana Hub BigTech компаниялары үшін тартымды алаңға айналды, олардың кеңселері ынтымақтастық үшін ашылуда.
AI-қозғалысының негізгі кезеңі – Президенттің тапсырмасымен құрылып жатқан Халықаралық жасанды интеллект орталығы – alem.ai болады.
Alem.ai – үздік ақыл-ойлар мен озық технологиялар қоғам игілігі үшін жұмыс істейтін, адамның әлеуетін ашуға, экономиканың негізгі салаларын дамытуға және жасанды интеллектті өмірдің түрлі салаларына енгізуге көмектесетін платформаға айналады.
Alem.ai Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлемдік картада орнын нығайтып қана қоймай, елдің трансформациясының символы болмақ.
Осылайша, институционалдық ортаны қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту және адами капиталды дамыту «Generative Nation» жаңа тұжырымдамасын іске асырудың негізі болады.