Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына арналған салтанатты шара өтті
Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Еуразия Жазушылар одағының президенті Уфук Тузман қатысты.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Одақтың 90 жылдығына орай жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
Мемлекет басшысының хатында: «Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі. Бұл ұйым қаламгерлеріміздің кәсіби қауымдастығы ретінде төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге және оны әлемге танытуға зор ықпал етеді. Сөз өнерінің қарашаңырағын ұлттық бірегейлігіміздің берік тұғыры деуге болады. Ақын-жазушыларымыз ұлтты ұйыстыру жолында қалтқысыз қызмет етіп жүр. Аға буын негізін қалаған осы ұлағатты дәстүр үздіксіз жалғасып келеді. Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына. Оны заман талабына сай дамыту – қаламгер қауымның ғана емес, мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Қазір біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып жатырмыз. Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісінде зиялы қауым айрықша рөл атқаруы керек. Осы жауапкершілікті терең сезініп, адамгершілік құндылықтарды кеңінен дәріптеп жүрген барша қаламгерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін», – деп айтылған.
Содан соң Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Қойшиев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың құттықтауын оқыды.
Мемлекеттік кеңесші басқосу барысында сөз сөйлеп, ұлт руханиятының қара шаңырағы жөніндегі ой-пікірін ортаға салды. Әдебиеттің ағарту ісіндегі рөліне тоқталып, адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін шығармалардың ұлт сапасын арттыруға ықпалы өте зор екенін атап өтті.
Сонымен қатар Ерлан Қарин мемлекеттің әдебиетті дамыту ісіне және әдеби ортаның жалпы ахуалына баса мән беретінін айтты. Президенттің қаламгерлерге деген ықыласы мен құрметінің айрықша екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің басшысы ғана емес, жазушының перзенті ретінде де төл әдебиетімізге бей-жай қарамайтынын жеткізді.
Салтанатты шараға Түркия, Ресей, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да алыс-жақын шетелден және еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші ұлт мүддесі жолында еңбек етіп жүрген барша қаламгерге алғыс білдірді.