Өнеркәсіп және құрылыс министрі Абай облысының халқымен кездесті
12 желтоқсанда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жұмыс сапарымен Семей қаласына келді.
Ең алдымен министр Абай облысының тұрғындарымен кездесу өткізді. Шара Alikhan Bokeikhan University ғимаратында өтті. Кездесу барысында Қанат Шарлапаев өңір экономикасындағы оң динамикаға тоқталды. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі өнімдерін экспорттау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 46%-ға артты. Сондай-ақ, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамытуға қалаларда 8 жобаны жүзеге асыруға 2,3 млрд теңге, ауылдық жерлерде 16 жобаға – 3,8 млрд теңге бөлінді.
Жергілікті тұрғындар көтерген мәселелер құрылыс саласындағы отандық материалдардың пайдаланылуын мемлекеттік қолдаудың мониторингі, отандық өнімнің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру шаралары, сондай-ақ салада білікті кадрлардың жетіспеушілігі тақырыптарына қатысты. Министр отандық материалдардың пайдаланылуын бақылауды тапсырыс беруші, жобалаушы және техникалық қадағалау жүргізетінін атап өтті. Алайда бұл талаптарды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік әлі қарастырылмаған. Осыған байланысты Министрлік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске мердігерлерге қатысты жауапкершілікті қарастыру жөніндегі ұсыныстар әзірлеуде.
Сондай-ақ Қанат Шарлапаев өнеркәсіптегі шағын және орта бизнесті қолдаудың ағымдағы шаралары туралы баяндады. Оның ішінде даму институттарынан 9%-бен жеңілдікті несиелер, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін 3%-дық мөлшерлемемен лизингтік қаржыландыру және шағын және орта бизнес үшін 9%-дық мөлшерлемемен, сондай-ақ жаңғырту мен аккредиттеу бойынша шығындардың 40%-ға дейін өтелуі бар.
Министр саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін жаңа кәсіби стандарттар әзірленіп, жаңартылып жатқанын атап өтті. Мәселен, биыл машина жасау, металлургия, химия өндірісі және құрылыс өндірісі сияқты салалар үшін 13 стандарт әзірленді. 2025 жылға 40, ал 2026 жылға 101 кәсіби стандарт әзірлеу жоспарлануда.
Жұмыс сапары азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаумен аяқталды. Жүгінушілер мәселелерінің басым бөлігі өңірдегі тұрғын үй құрылысы мен отандық тауар өндірушілерді қолдауға қатысты. Оларды тыңдаған Министр жан-жақты жауаптар беріп, Өнеркәсіп, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеттерінің, сондай-ақ облыс әкімдігінің өкілдеріне нақты тапсырмалар берді.