Қысқы ауа райына байланысты азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде
Желтоқсанның 15-нен 16-на қараған түні күрделі ауа райына байланысты Жарма және Аягөз аудандарының төтенше жағдайлар қызметі жедел әрекет етіп, азаматтардың өміріне араша түсті.
Осы түнде Семей-Үржар бағытында жүріп, қар құрсауында қалған «Van Hool» маркалы автобустың жолаушылары Қалбатау ауылына орналастырылды. Автобуста 2011-2012 жылы туған 20 баланы қосқанда барлығы 47 жолаушы болған. Жолаушыларды орналастыру іс-шаралары Жарма ауданының жергілікті атқарушы органдары, полиция бөлімшесі және төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылды.
Сондай-ақ Аягөз ауданының аумағында да ауа райының қолайсыздығына байланысты «Семей – Барлық Арасан», «Өскемен – Алматы», «Бақты – Семей» бағытында жолға шыққан жолаушылар автобустарының қозғалысы шектелді.
Жергілікті атқарушы органдардың және жол қызметінің күшімен бұл автобустардағы 83 жолаушы (68 ересек және 15 бала) Аягөз қаласындағы спорт мектебіне жеткізіліп, жылыту пунктіне орналастырылды. Жолаушылардың барлығы медициналық көмекті қажет етпеді.
Аязды күндері жолда қалған азаматтарды жылыту пункттеріне орналастыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Жергілікті атқарушы органдар, полиция және төтенше жағдайлар қызметі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істеуде. Жағдай облыс әкімінің орынбасары Д.Гариковтың бақылауында.
Аймақ басшысының орынбасары азаматтарды ауа райы болжамын бақылауға, сапарға шығар алдында жол жағдайы туралы мәлімет алуға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.
Жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының баспасөз қызметі