Үкіметте сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлар түрлерін қорғау мәселелері қаралды
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарларды сақтау мәселесі қаралды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен Қызыл кітапқа енген жануарларды қорғау мақсатында бағдарламалық құжаттардың дайындалуы туралы баяндады. Сондай-ақ ғылыми ұйымдар өкілдерінің: Зоология институтының директоры Роман Ященко мен Қазақстан биоалуандылығын сақтау қауымдастығының төрағасы Сергей Скляренконың баяндамалары тыңдалды.
Қазіргі таңда Қызыл кітапқа енген жануарлардың 220-дан астам түрі бар. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2005–2023 жылдар аралығында атқарылған жұмыстардың арқасында тоғай бұғыларының саны 350-ден 1 147 басқа дейін, құландар 1 112-ден 4 493-ке дейін, арқарлар 8 835-тен 20 316-ға дейін, қарақұйрықтар саны 12,5 мыңнан 15,4 мыңға дейін өскенін баяндады. Бүгінгі таңда Министрлік омыртқасыздардың 21 түрін алып тастау бойынша ұсыныстар енгізді.
Премьер-министр Олжас Бектенов сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген фаунаны сақтау бойынша нәтижелі жұмыс істеу үшін экожүйелер мен жануарлар түрлеріне мониторинг жүргізуді, қорғау мен бағалауды көздейтін кешенді тәсіл қажет екенін атап өтті. Бұл мәселеде қажетті ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық озық тәжірибе, жаңа технологиялар мен ақпараттық жүйелерді енгізу де маңызды. Қазіргі уақытта пилоттық режимде жұмыс істеп тұрған Tabigat табиғи ресурстар картасын негізге алу ұсынылады. Платформа қоршаған ортаның қазіргі жай-күйі, орман және су ресурстары, жануарлар дүниесі мен балық шаруашылығы туралы қажетті ақпаратты қамтиды. Премьер-министр аталған платформаны 2025 жылдың басынан іске қосуды тапсырды.
Олжас Бектенов Қазақстанның халықаралық және қоғамдық ұйымдармен тығыз байланысы маңызды бағыт саналатынын атап өтті.
«Шетелдік ұйымдардың қолдауымен Қазақстанда Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысының популяциясын қайта жаңғырту бойынша бірегей жобаларды іске асырыла бастады. Жануарлар дүниесінің сирек кездесетін түрлерін және жалпы алғанда еліміздің биоалуандылығын сақтау жөніндегі маңызды жобаларды жалғастуры қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазіргі уақытта Экология министрлігі әзірлеп жатқан Биоалуандылықты сақтау тұжырымдамасы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлардың түрлерін сақтау жұмысында негізгі құжатқа айналуы тиіс. Олжас Бектенов Министрлік басшылығына және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп, Тұжырымдамада көзделген барлық іс-шараны егжей-тегжейлі пысықтауды және құжатты 2025 жылғы тамызда Үкімет қарауына енгізуді тапсырды.
Жануарлар дүниесін қорғау туралы Заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдарға аңшылық алқаптардың резервтік қорында мамандандырылған ұйымдар құру жұмыстарын 2025 жылдың қаңтар айының соңына дейін аяқтау тапсырылды. Бүгінде еліміздің 9 облысында 15 млн га жер қорғалмаған күйінде қалып отыр.
Сонымен қатар ителгіні жойылып кетуден қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Құстың бұл түрі Халықаралық табиғатты қорғау одағының қызыл тізіміне енгізілген. Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Ғылым және жоғары білім, Қаржы министрліктерімен бірлесіп, ителгінің өзекті санын анықтап, оны қайта жерсіндірудің тиімділігін бағалау міндеті қойылды.
Олжас Бектенов қоршаған ортаны қорғау қызметін күшейту қажеттігіне назар аударды.
«Қазақстанда табиғатты қорғау қызметін жандандыру қажет. Флора мен фаунаны қорғап-күту мәдениетін қалыптастырып, экологиялық мәселелерді бірлескен күш-жігермен шешу, сол арқылы еліміздің бірегей табиғатын сақтауымыз қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.