Cемей-14°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
523.86 544.34 5.11

Көлік министрлігі: Әуе жолдарының халықаралық желісі 22 бағыт бойынша кеңейтілді

18-12-2024, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

Үкімет отырысында көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров еліміздің көлік саласын 2024 жылғы қаңтар-қарашадағы дамыту қорытындылары туралы баяндады.

Вице-министр атап өткендей, көлік саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдануда. Биыл жол-құрылыс жұмыстарымен 12 мың км жол қамтылды. Қарағанды – Алматы (879 км), Талдықорған – Өскемен (768 км), Ақтөбе – Қандыағаш (96 км), Атырау – Астрахань (212 км) сияқты негізгі төрт автомобиль дәліздері реконструкциядан өтті. Қазір бұл жолдарда жаңа асфальт төсемімен қозғалыс ашылған.

«Шетелдік рұқсат бланкілерін беру саласында бірқатар реформалар жүзеге асырылды, атап айтқанда бланкілер электрондық форматқа көшіріліп, оларды беру мерзімі 8 күннен 1 күнге дейін қысқартылды және ірі монополистердің басымдылық құқығы тоқтатылды. Аталған шаралар өз кезегінде отандық тасымалдаушылардың мүддесін қорғауға және тасымал көлемін аррттыруға бағытталған. Жыл қорытындысы бойынша қазақстандық тасымалдаушылармен жасалатын рейстер саны Өзбекстанмен 5 мыңнан 33 мыңға дейін, Қытаймен 50 мыңнан 230 мыңға дейін артады», — деді Мақсат Қалиакпаров.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда қоғамдық көлік паркін 3 267 автобусқа жаңарту оның тозу деңгейін 40%-дан 30%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар биыл 1 401 шақырым теміржол желісі жөндеуден өткізіліп, 185 локомотив, 1 500 жүк және
143 жолаушылар вагондары сатып алынды.

Авиация саласында қазақстандық компаниялар 10 ұшақ сатып алып, тасымалдау сыйымдылығын 7%-ға арттыруға ықпал етті. Халықаралық әуе маршруттарының желісі 22 бағыт бойынша кеңейтілді. Алматы мен Қызылорда әуежайларында жаңа терминалдардың құрылысы аяқталды. Шымкент әуежайындағы жұмыс аяқталу сатысында тұр.

Сонымен бірге, Халықаралық транскаспий дәлізінің өткізу қабілетін ұлғайту бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биылғы 11 айда аталған бағыт арқылы тасымал көлемі 63%-ға өсіп, 4,1 млн тоннаға жетті. Контейнерлік тасымалдар 2,6 есеге, оның ішінде Қытайдан келетін транзит 26 есеге артқан.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде, 11 айдың қорытындысы бойынша «Көлік және қоймалау» саласындағы нақты көлем индексі (НКИ) 108,1%-ды құрады, жоспарлы көрсеткіш – 108%. Көлік қызметінің көлемі қаржылай түрде 13%-ға өсіп, 7,7 трлн теңгеге жетті. Саланың өсу қарқынына жүк тасымалындағы жалпы көлемнің артуы әсер етуде, ол 977,3 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 9,2%-ға жоғары. Оның ішінде автомобиль көлігімен жүк тасымалы 19,8%-ға, құбыр арқылы тасымалдаe 7,5%-ға және теміржол көлігімен жүк тасымалы 2,6%-ға өсті. Ішкі тасымалдар 8,8% өсім көрсетуде.

«Жалпы транзиттік жүк тасымалының көлемі 6,1%-ға, контейнерлік транзит 8,7%-ға артты. Жолаушылар тасымалына келсек, 11 айда 165 млрд жолаушы тасымалданған, бұл да 9,2%-ға өсімді көрсетеді. Өңірлер бойынша көлік саласының көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында автокөлікпен жүк және жолаушылар тасымалының өсуі байқалды. Алматы қаласында қосымша қызмет көрсету, әуе, автомобиль және теміржол көліктерімен жүк пен жолаушы тасымалының көлемі артқан. Батыс Қазақстан, Алматы және Ақтөбе облыстарында құбыр және автомобиль көлігімен жүк тасымалының көлемі артты. Жалпы, барлық өңірлер бойынша оң динамика байқалады», — деді спикер. 

Вице-министрдің мәлімдеуінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Көлік және қоймалау» саласында нақты көлем индексін 108,3% деңгейінде қамтамасыз ету жоспарланған. Ол үшін теміржол көлігімен 422,8 млн тонна, автомобиль көлігімен 316 млн тонна жүк тасымалы қамтамасыз етіледі. 

Сонымен қатар мереке күндерінде халық белсенділігінің артуы есебінен жолаушылар тасымалының өсу көлемі 10%-ға жетеді деп жоспарланып отыр. 

«Көлік саласының өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында министрлік барлық қажетті шараларды қабылдайды. Келесі жылы Қызылорда – Жезқазған, Қалбатау – Майқапшағай жолдарын реконструкциялау жұмыстары жалғасады. Қызылорда – Ақтөбе, Қарағанды – Жезқазған және Сарыағаш айналма жолдары бойынша жаңа жобалар басталып, жолдар 4 жолақты қозғалысқа көшіріледі», — деп мәлімдеді ол. 

2029 жылға дейін 36 автокөлік өткізу бекетін кезең-кезеңімен жаңғырту, оның 6 өткізу бекетінде жұмыстар 2025 жылы басталады. Осыған қоса, келесі жылы әуе кемелері паркін 18 ұшақпен толықтыру, Шанхай, Рим, Марокко, Будапешт, Рига, Вена және Мюнхен бағыттарында жаңа әуе рейстерін ашу, Павлодар және Ақтау әуежайларындағы ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстарын аяқтау жоспарланған.

2025 жылы субсидияланатын әуе маршруттарының саны 23 бағытты қамтиды, жалпы сомасы – 6,4 млрд теңге. Алдағы төрт жыл ішінде авиациялық хабтарды дамыту есебінен әуе жүктерін өңдеу көлемін екі есеге, яғни қазіргі 150 мыңнан 300 мың тоннаға дейін ұлғайтылмақ.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив