«Абай жолы кітапханасы» театр төрінде оқырманмен қауышты
Семей қаласындағы Абай атындағы театрда «Абай жолы» кітапханасы» сериясымен жарық көрген 20 кітаптың тұсауы кесілді. Абай облысының әкімдігінің қолдауымен, облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының ұйымдастыруымен оқырманға жол тартқан рухани қазыналардың әрқайсының өзіндік орны бар. Шараның жоғары деңгейде өтуіне Қазақстан Жазушылар Одағының Абай облыстық филиалы және Абай облыстық кітапханасының ұжымы (директоры ақын Мерей Қарт) белсенді атсалысқанын атап өткен артық болмас. Атап өтер жайт, «Абай жолы» кітапханасы жобасының тұсаукесері – дәстүр мен жаңашылдықты біріктіретін кітап әлеміндегі жаңа нұсқа.
«Абай жолы» кітапханасы» сериясымен осымен екінші жылы жарық көрген дүниелердің әрқайсы 500 данадан оқырманға жол тартты. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев ежелден ұлылар мекені атанған Семей жерінің қазақ руханиятында алар орны ерекше екендігін атап өтті. Сол орайда «Абай жолымен» кезекті кітабы оқырманға жол тартқан Төлеген Жанғалиев («Қарғуар»), Роза Мұқанова («Муза»), Дәулет Сейсенұлы («Тұғыры биік тұлғалар»), Айжарық Абылқасымов («Қасыңнан кеткім келмеді»), Дәулеткерей Кәпұлы («Арқаржусан»), Серік Қалиев («Асу»), Серікзат Дүйсенғазин («Қоңыр өмір»), Ақберен Елгезек («Айнадағы бейтаныс»), Қалқаман Сарин («Жарығы сөнбес жалғыз жол») сынды жұртқа кеңінен танылған таланттардың шығармашылығына ризашылығын білдірді.
Аталған жобаның редакциялық құрамының басшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспембетов «Абай жолының» аясында алдағы жылы ғылыми-зерттеу еңбектерді шығару жоспарланып отырғанын атап өтті.
Оқырман қауым биылғы жарық көрген кітаптардан Әди Шәріповтің «Көргенім, көңілге түйгенім», Рымғали Нұрғалидың «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы, Б.Исабаевтың «Ұлылар мекені», Б.Тілегеновтың «Қара жел», М. Оспановтың («Сөз патшасы») секілді құндылығы зор рухани шығармаларды Абай өңірі кітапханаларының қорынан және цифрлы нұсқасын ҚР ҰЭК қорынан тауып оқуына болады.
Кітап мерекесіне арналған рухани шарада Абай атындағы театр әртістері кітап авторлары мен олардың шығармаларына байланысты әдеби-көркем қойылымдарды сахналағаны көрермен көңілін толқытты. Соның ішінде театр актрисасы Сұлушаш Төлекова сомдаған Р. Мұқанованың Семей полигонының зардабын тартқан Ләйла туралы «Мәңгілік бала бейнесі» жүрек толқытып, көрермен көзіне жас үйіргеніне күмән жоқ.