Еңбекмині Қазақмыс жұмыскерлерін еңбек дауын құқықтық алаңда реттеуге шақырады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі –Еңбекмині) «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің ереуілге шыққан жұмыскерлері еңбек заңнамасының нормаларын бұзғанын мәлімдейді және компания жұмыскерлерін өз жұмыстарын қайта бастауға шақырады және олардың жұмыс берушіге қойылатын талаптарын белгіленген тәртіппен талқылауды ұсынады.
Осы жылдың 17-18 желтоқсанында «Жезқазғантүстімет» ӨБ бірнеше шахтасының жұмыскерлері жалақыны көтеру талабымен жұмысты тоқтатты. Жұмыскерлердің бұл әрекеттері еңбек заңнамасында көзделгендей талаптарды ұсыну тәртібін және оларды жұмыс берушінің қарау ретін бұза отырып жүргізілді.
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес қолданыстағы тәртіп: осы талаптарды жұмыс берушіге ресми жолдауды, оларды жұмыс берушімен қаралуын, ал оны шешу мүмкін болмаған жағдайда татуластыру комиссиясында қарастыруды көздейді.
Жұмыскерлердің талаптарын қараудың аталған тәртібі өндірістік процесті тоқтата тұруды көздемейді. Заңнамада белгіленген тәртіпті сақтамау тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғады.
Қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында Еңбекмині тараптарды татуластыру комиссиясы шеңберінде және тек құқық аясында татуластыру рәсімдерін жүргізуге және жұмысқа қайта кірісуге шақырады.