108 педагог «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының жүлдегері атанды
Биыл сәуірде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен басталған «Педагогикалық идеялар панорамасы-2024» республикалық бейнесабақтар мен бейнеәдістер конкурсының қорытындысы шығарылды. Оған 5000-ға жуық педагог қатысты, олардың 108-і жүлделі орындарға ие болды.
Мақсаты - пәнаралық негізде білім алушылардың ерте/функционалдық сауаттылығын дамыту саласында педагогтердің өзара іс-қимылының заманауи педагогикалық тәжірибесі мен үздік тәжірибелерін жалпылау және танымал ету.
Байқау екі кезеңнен тұрады: аймақтық және республикалық. Бейнесабақтар 12 бағыт бойынша дайындалды, оларды өңірлік сараптама кеңесінің мүшелері жеті критерий бойынша бағалады.
Осылайша, 102 педагог 1, 2, 3 дәрежелі дипломдарға ие болды. Әр бағыт бойынша YouTube-те ең көп қаралған бейнематериалдардың авторлары анықталды. Сонымен қатар, биыл ЮНЕСКО байқауға қатысушылардың жұмыстарына бірінші рет баға беріп, «жаһандық азаматтық рухында білім беру» және «климаттық өзгерістер саласындағы білім беру» бағыттары бойынша арнайы марапаттар табыстады. Бұл бастама конкурстың сапасы мен өзектілігін арттырып, оның мәртебесін халықаралық сараптамалық деңгейге жақындатты.