Энергетика министрі энергетика саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады
Энергетика министрлігінде энергетика саласының кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Оған энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қатысты. Іс-шара барысында саланың жұмыс нәтижелері қорытындыланып, энергетика секторын дамытуға елеулі үлес қосқан үздік мамандар марапатталды.
Өз сөзінде министр тәуелсіздік жылдарында электр энергетикасы саласында жүзеге асырылған ірі жобаларды атап өтті. Бұл жобалар электр энергиясын өндіру көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік берді – 83 миллиард киловатт-сағаттан 112 миллиард киловатт-сағатқа дейін.
«2024 жылғы 8 шілдеде Мемлекет басшысы «Жылу энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл құжат жылу энергиясын өндіру, тасымалдау, сату және тұтыну процестерінде туындайтын қоғамдық қатынастарды алғаш рет дербес заң ретінде реттейді. Заң жылумен жабдықтау жүйелерінің сапалы жұмыс істеуі мен дамуына негіз болмақ», – деп атап өтті министр.
Министр 2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілген Электр энергиясын бірыңғай сатып алушының рөліне ерекше назар аударды. Бұл жаңашылдық электр энергиясын өндіру мен тұтыну тепе-теңдігін айтарлықтай жақсартуға, сондай-ақ тапшылық кезеңдерінде импортталатын энергияға тарифтердің төмендеуіне ықпал етті.
Салтанатты шара барысында министр саладағы еңбегі мен кәсібилігі үшін үздік мамандарға марапаттар табыстады.
«Сіздердің еңбектеріңіздің ел үшін маңызы зор, және сіздердің арқаларыңызда Қазақстан энергетикасы дамып, ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуде. Біз сіздердің жетістіктеріңізбен мақтанамыз және энергетика саласының дамуына қосқан баға жетпес үлестеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз», – деді министр.
Шара соңында министр сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, оларға денсаулық, амандық және Қазақстанның энергетика секторын одан әрі дамыту жолында табыстар тіледі.