Мәжіліс спикері Қоғамдық палата мүшесі Ерлан Смайловты қабылдады
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қоғамдық палата мүшесі, аналитик Ерлан Смайловпен кездесіп, өнеркәсіп саясатын, ауылдағы денсаулық сақтауды және туризмді дамыту мәселелерін талқылады.
Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мүшелерімен жеке кездесулер жалғасын тауып, Ерлан Қошанов Ерлан Смаиловпен бірге қоғамдық маңызы зор тақырыптарды талқылады.
Ерлан Смайлов мемлекеттегі өнеркәсіп саясатын одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарын айтып, ғылым мен өндірістің тығыз байланыста жұмыс істеуінің маңыздылығына ерекше назар аударды.
Әңгіме барысында ауылдағы денсаулық сақтау саласын дамыту тақырыбы да қозғалды. Ерлан Смайловтың пікірінше, шалғай ауыл тұрғындары үшін заманауи медицинаның қолжетімділігін арттыруда жаңа технологиялар маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар телемедицина мен цифрлық технологияларды дамытудың өзектілігі ерекше атап өтілді. Себебі олар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол деректер мен жасанды интеллектті қолдану арқылы денсаулық сақтау ресурстарын ұтымды басқаруға ықпал ететінін атап өтті.
Қоғамдық палата мүшесі отандық туризмді дамыту бағытында бірқатар ұсынысын ортаға салды. Олардың ішінде этнотуризмді насихаттау, жергілікті шағын кәсіпкерлерді оқыту және қолдау мәселелері бар. «Kaz Alpine Club» қоғамдық бірлестігінің мүшесі ретінде Ерлан Смайлов таулы маршруттардың зор әлеуетін және трансқазақстандық соқпақ жолын құру идеясына да тоқталды. Ол бұл бастамаларды табысты халықаралық тәжірибеге сүйене отырып дамыту қажеттігін ұсынды. Талқылауда туризмді дамыту кезінде табиғатқа ұқыпты қарау, жергілікті қоғамдастықтарды қолдау және мықты заңнамалық базаны қамтамасыз ету принциптерінің маңыздылығы да ерекше атап өтілді.
Ерлан Смайлов тау қауымдастығының атынан Мәжіліс депутаттарына биылғы жылы Қырғыз Республикасына ресми сапары барысында Ыстықкөлге жаяу жүргіншілерге арналған таулы соқпақтарды ашу мәселесіне атсалысқаны үшін алғыс білдірді.