Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Наурыз мейрамы тойланды
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ғимаратында Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтті. Күн мен түн теңесетін мерекені жыл басы санайтын шығыс халықтарының бай мәдениеті мен салт-дәстүрі көрсетілді.
ҚР ИИДМ басшысы Марат Қарабаев жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтап, мемлекет алдында тұрған жауапты да маңызды міндетті абыроймен атқарып жатқан баршаға алғысын білдіріп, әр шаңыраққа мерейлі шаттық, мызғымас ынтымақ тіледі.
«Бұл көктем бұрынғы көктемнен өзгеше. Жер дүние жаңарып, тіршілікке жан бітіп, көктеп-көгерер шақта бәріміз Тәуелсіз Қазақстанның тағы бір жаңа белеске шығып, бейбітшілігімізді нығайтатын нақты қадамдарының куәсі болайық. Ұлыс оң, ақ мол болсын», деді министр.
Түскі үзіліс кезінде ұйымдастырылған шара барысында сахналық қойылымдар көрсетіліп, жәрмеңке өткізілді. Мерекелік іс-шараға мекеме қызметкерлерінің балалары мен отбасылары да қатысты. Қазақтың ежелден келе жатқан дәстүріне сай жиналғандарға ұлттық тағам «Наурыз көже» таратылды. Кішкентай қонақтарға театрландырылған ертегі көрсетіліп, тәтті сыйлықтар берілді.