Абай облысында конфессияаралық келісім мәселелері талқыланды Бүгін Alikhan Bokeikhan University конференц залында діни бірлестіктер басшылары клубының тоқсан сайынғы отырысы өтіп, оған өңірдегі түрлі конфессиялардың өкілдері қатысты. Отырысқа қатысушылар діни заңнамаларды және деструктивті діни ағымдарға қарсы тұру мәселелерін талқылады.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев барлық конфессиялардың басты мақсаты – жастарды тәрбиелеу екенін атап өтті.
– Өткен жылы Рухани келісім күнінде Абай олысында діни бірлестіктер жетекшілерінің клубын құру туралы келісімге келген болатынбыз. Алдағы уақытта да жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталған іс-шараларды өткіземіз деп сенемін. Бүгінгі кездесуге облыста тіркелген барлық діни бірлестіктердің басшылары қатысып отыр. Баршаңызды келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтап, еліміздің одан әрі гүлденуін тілеймін. Бүгін күн тәртібіне этносаралық толеранттылық пен конфессияаралық келісімді қалыптастыру жөніндегі жұмыс бойынша бірқатар мәселелер қойылып отыр, - деді Айдар Садырбаев.
Сонымен қатар, Айдар Садырбаев Абай облыстық қоғамдық даму басқармасы діни бірлестіктерге қатысты мемлекеттік қызметтердің әкімшісі болып табылатынын айтты. - Қатысушылардың әрқайсысы қажетті маңызды ақпаратты қамтитын жадынама алды. Менің ойымша, бұл бәріміз үшін өте маңызды. Діни бірлестікке қатысты қандай да бір мәселе туындаса, уәкілетті органдарды шақырып, талқылау күнін белгілейміз,- деді Айдар Садырбаев.
Облыстық Достық үйінің директоры Надежда Шарова жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде этномәдени бірлестіктердің де ауқымды жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек етті.
– Этносаралық толеранттылық пен конфессияаралық келісімді қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бес Достық үйі мен этно-мәдени бірлестіктердің қызметі Қазақстан халқы Ассамблеясының 31-сессиясында айқындалған мемлекеттік саясаттың қағидаттарын нақтылауға және іске асыруға бағытталған. Біздің қоғамдастық мүшелері бұл бағыттағы жұмыстардың іске асуына өз үлестерін қосуда. Қазір облыста 50 этномәдени бірлестік, Абай ауданы ҚХА жанынан құрылған ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, журналистер клубы және басқа да қоғамдық институттар жұмыс істейді. Этно-мәдени бірлестіктеріміз конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайту бағытында жұмыс жүргізуде,- деп атап өтті Надежда Шарова.
Абай облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Мақсат Өмірханов кез келген азамат дінге қатысты сұрағы болса, орталыққа жүгіне алатынын айтты.
– Біздің орталықта әркім өзін толғандырған сауалдарын қойып, пікір білдіріп, кеңе ала алады. Біздің бәріміздің мақсатымыз ортақ – еліміздің гүлденуі, қоғамымыздың тыныштығы. Бүгін біз діни саладағы заңнамаға қатысты мәселелерді көтеріп жатырмыз. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша біздің елеміз - зайырлы мемлекет. Көптеген адамдар зайырлылықты атеизммен шатастырады. Шын мәнінде зайырлы мемлекет дін бостандығын білдіреді: әр адам өзі қалаған дінді ұстануға құқылы. Бұл оның конституциялық құқығы. Дегенмен, діни ғұрыптар мен рәсімдерді тек діни ғимарат аумағында өткізу керек екенін есте ұстаған жөн. Әйтпесе бұл заң бұзушылық болып есептеледі. Дін мәселелерін зерттеу орталығы өзара іс-қимыл диалогы үшін қашан да ашық. Біз көмектесуге және кеңес беруге әрқашан дайынбыз. Орталық ақпараттық-түсіндіру, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен тұлғаларды оңалту және интернеттегі теріс үгіт-насихат жұмысарына қарсы күрес бағыттарында жұмыс істейді – деді Мақсат Өмірханов.