Ұлағатты ұстазды мерейлі мерейтойымен құттықтады
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев ұлағатты ұстаз, «Қазақстанның Еңбек Ері» Алма Шүкежанованы 75 жас мерейтойымен құттықтап, Президенттің құттықтау хатын табыстады.
Алма Шүкежанова – Семейдегі №7 жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі. Педагогика саласында үздіксіз 52 жылдық еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз.
Ұлағатты ұстазға 2023 жылы Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің ең жоғары марапаты – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы, «Алтын жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісі және «Отан» ордені табысталған болатын.
Алма Сайдахметқызы – ұлттық құрылтай мүшесі. Ол жас ұрпаққа сапалы білім берудегі қажырлы еңбегімен ғана емес, қоғамдағы маңызды мәселелерді талқылауға қосқан үлесімен де танымал. Ұстаздың өмірлік жолы – білім мен еңбекке деген шынайы құрметтің жарқын көрінісі.