Cемей-7°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
527.3 544.86 4.95

Абай облысында «мұғалім» қойылымының премьерасы өтті

5-01-2025, 16:41 Думан Кенжеғазыұлы

М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-аймақ» студенттер театры Қ.Мұраттың «Мұғалім» әлеуметтік драмасын сахналады. Қойылым колледждің «Ес-аймақ» рухани орталығында өтті, режиссері — Ислам Азизов.

Қойылымның басты мақсаты – педагог мәртебесін көтеру, ұстаздың қоғамдағы орнын дәріптеу және ата-ана, бала, ұстаз арасындағы қарым-қатынасты нығайту.

«Мұғалім» спектаклі болашақ педагогтер мен жас ұстаздардың ұлт болашағына қосқан рухани үлесін айшықтайды. Қойылымда қазіргі қоғамда жиі кездесетін ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушіліктерді шешудегі жас мұғалімнің табандылығы көрсетілген. Сондай-ақ жас педагогтің ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік орнатудағы кәсіби рөлі кеңінен ашылады. Мектеп оқушылары арасындағы буллингті болдырмау жолында ата-ана мен педагог арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы айқындалады. Сонымен бірге адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудағы ұстаздың жетекші рөлі терең талданады.

Бұл қойылым педагог мәртебесін асқақтатқан «Ұстаз» фильмінің рухани әсерін жалғастырғандай болды. Абай облысының студенттері бұл туынды арқылы ұстаз еңбегінің қоғамдағы мәнін жаңа қырынан танытып, көрермендерге ерекше ой салды.

Қойылымға колледждің 21 студенті мен 10 жас ұстазы қатысып, өнер көрсетті. Спектакльді тамашалауға ТжКББ ұйымдарының басшылары, әлеуметтік серіктестер, колледж оқытушылары және студенттер жиналды. Қойылымнан кейін көрермендер пікірі тыңдалып, жас ұрпақ тәрбиесіндегі ұстаздардың орны жан-жақты талқыланды.

Бұл — «Ес-аймақ» студенттер театрының бесінші премьерасы. 2022 жылы құрылған театрдың мақсаты – М.Әуезов пен Ж.Аймауытов негізін қалаған «Ес-аймақ» труппасының рухани мұрасын жалғастыру. Бүгінде бұл театр студенттердің шығармашылық қабілетін арттырып, болашақ педагогтерді кәсіби және рухани тұрғыдан дамытуға белсенді үлес қосып келеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив