Білім алушылардың білім сапасын бағалаудың қазақстандық құралы халықаралық аккредитациядан өтті
Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Қазақстанның білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингтеу құралы (ББЖМ) халықаралық аккредитациядан өтті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазақстанның ұлттық бағалау жүйесі Орталық Азия аймағындағы бағалау бойынша бірлескен жобалардың негізі немесе бір бөлігі бола алады.
ББЖМ мақсаты – білім алушылардың білім сапасын мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкес бағалау. Ол сауаттылықтың үш бағыты бойынша бағалау жүргізеді: оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығы. ББЖМ оқу бағдарламаларының тиімділігін бағалауға, оқу процесінің күшті және әлсіз тұстарын анықтауға, сондай-ақ білім сапасын одан әрі жақсарту бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
ББЖМ-дың барлық кезеңдері мен процедуралары PISA, TIMSS, PIRLS сияқты халықаралық зерттеулерде қолданылатын ғылыми негізделген тәсілдерге толық сәйкес келеді.