Сенаторлар Президенттің сұхбаты туралы: Қазақ тілін дамыту – ол мемлекеттің ғана емес, еліміздің әрбір азаматының міндеті

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Руслан Рүстемов және Наурызбай Байқадамов Қызылорда облысындағы Шиелі ауданында «Рухани орталықтың» ашылуына қатысты.
Нұртөре Жүсіп рухани орталықтың ашылуы ауыл тұрғындары үшін аса маңызды оқиға екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысының «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында айтылғандай, халықтың дүниетанымын көрсететін жүйе ретінде қазақ тілін дамытуға нақты үлес қосумен қатар, өңірдің әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымын дамыту мен әр адамның рухани кемелденуіне мүмкіндік беретін болады.
«Президенттің қазақ тілін дамытудың маңызы туралы тұжырымы ұлттық қазынаны сақтау мен нығайтуға деген ұмтылыс қана емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті де көрсетеді. Қазақ тілін дамыту – мемлекеттің ғана емес, Қазақстанның әрбір азаматының міндеті. Еліміздің барлық этникалық топтарының тілге деген құрметі мен қолдауы біртұтас, мықты және өркендеген ұлт құруға, өз ерекшелігін сақтауға және әрі қарай өркендеу жолымен сенімді түрде ілгерілеуге көмектесетін болады», - деді Нұртөре Жүсіп.
Руслан Рүстемов өз кезегінде бұл оқиға тек жергілікті тұрғындарға ғана емес, бүкіл өңірге де маңызды екенін атап өтті. Өйткені орталық рухани құндылықтарды нығайтуға, жастарды дамытуға және мәдениетаралық және конфессияаралық байланысты нығайтуға бағытталған.
«Рухани орталық» сонымен қатар әртүрлі әлеуметтік топтардың қарым-қатынасы мен ықпалдасуына, сондай-ақ ұрпақтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуда маңызды тұғырнама болып табылады. Бұл әлеуметтік бейімделу мен отбасылық тәрбие мәселелерін шешудегі маңызды қадам екені даусыз. Әсіресе, білім беру және мәдени мекемеге қол жеткізу мүмкіндігі аз ауылдық жерлерде ерекше маңызды», - деді Руслан Рүстемов.
Сенатор Наурызбай Байқадамов орталықты құрудың мақсаты – қоғамның рухани негіздерін нығайту, дені сау, адамгершілігі мол жастарды қалыптастыруға жәрдемдесу және Қазақстанның мәдени дәстүрімен таныстыру екенін атап өтті. Сонымен қатар, орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты Отанға деген сүйіспеншілікке, түрлі мәдени және діни дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелеу, сондай-ақ бейбітшілік, келісім және өзара түсіністік құндылықтарын дәріптеу болып табылады.
Депутаттар аудан қонақтарымен және тұрғындарымен әңгіме барысында Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау туралы бастамасын талқылады.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы Қазақстан өміріндегі маңызды оқиғаның бірі болғаны баршаға белгілі. Бұл шешім еңбекті бағалаудағы әділеттілікті қалпына келтіруге және еліміз экономикасындағы жұмысшы мамандығының маңызын мойындауға бағытталған. Ол жастар үшін жаңа мүмкіндік ашады, кәсіптік білім беру жүйесін нығайтуға және негізгі салалардағы кадр тапшылығы проблемасын шешуге ықпал етеді. Соның нәтижесінде, бұл экономикалық өсуге, өмір сүру сапасын жақсартуға және неғұрлым тұрақты және бәсекеге қабілетті қоғам құруға әкелуі тиіс», - деді Нұртөре Жүсіп.